Қ.И.Сәтбаев атындағы халықаралық химия олимпиадасында жетісулық оқушылар жүлделі орындарға ие болды
Жезқазған қаласында 27 қазан мен 1 қараша аралығында Қаныш Сәтбаев атындағы 9–11 сынып оқушыларына арналған халықаралық химия пәні олимпиадасы өтті.
Бұл беделді білім сайысына Қазақстанның барлық өңірінен және Ресей мен Қырғызстаннан келген үздік жас химиктер қатысты. Олимпиада республикалық деңгейдегі жеңімпаздар мен жүлдегерлердің басын қосып, халықаралық тәжірибе алмасуға және ғылыми көзқарасты кеңейтуге мүмкіндік берді.
Жетісу облысының намысын қорғаған оқушылар жоғары нәтиже көрсетті:
-
Ислам Қуанышпеков – 9 сынып, «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының оқушысы – ІІ орын иегері;
-
Айгерім Қошқарбай – 10 сынып, №20 мамандандырылған лицейдің оқушысы – сертификат иегері;
-
Надия Есенжолова – 11 сынып, М.Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейдің оқушысы – сертификат иегері.
Облыс намысын абыроймен қорғаған оқушылар мен жетекшілерін құттықтаймыз.
Олимпиаданың ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы, «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қоры және Ұлытау облысының Білім басқармасының «Ұлытау дарыны» орталығы.
Бас демеуші – «Қазақмыс корпорациясы» компаниясы.
Бағалау үдерісі ашық әрі әділ өтті: бақылаушылар тапсырмаларды орындау кезінде қатысып отырды, ал қазылар алқасы жұмыстарды белгіленген критерийлер бойынша бағалады. Халықаралық қатысушылардың болуы олимпиаданың деңгейін көтеріп, тәжірибе мен идея алмасуға жол ашты.
Олимпиада ұйымдастыру комитетінің төрайымы Раиса Ешимова іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, былай деді:
«Бұл олимпиадаға қатысу – жай ғана дода емес, бұл – ғылымның болашағына қосылған үлес. Бүгінгі жас дарындар жаңа тапсырмалар мен тәсілдерді меңгере отырып, ертеңгі ғылыми серпілістің іргетасын қалайды».
Сондай-ақ, Республикалық «Дарын» орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов өз сөзінде:
«Ғылымды дамыту мен дарынды балаларды қолдау – стратегиялық міндет. Осындай жастар елдің интеллектуалдық әлеуетін арттырып, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ісін жалғастырады», – деді.
Олимпиада жеңімпаздары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Сонымен қатар үздік қатысушыларға Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің, Республикалық физика-математика мектебінің және Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің гранттары табыс етілді.
Канада Елшілігі тағайындаған «Жылдың үздік командасы» ауыспалы кубогы биыл Ресей Федерациясының командасына берілді.
Бас демеуші «Қазақмыс корпорациясы» компаниясы тағайындаған бас жүлдені Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы №1329 мектебінің 11-сынып оқушысы Игорь Устинов иеленді.
Қ.И.Сәтбаев атындағы халықаралық химия олимпиадасы – жас ғалымдардың жаңа буынын қалыптастыру мен ғылымға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды білім бәйгесі болып табылады.





