Өркениет талабына сай заманауи технологиялар мен жасанды интеллект дәуірі басым бағыт ұстанған қазіргі уақытта кез келген сала өкілдеріне жоғары деңгейдегі кәсіби шеберлік қажет. Олай болмаған жағдайда заман талабына ілесу мүмкін емес.
Осы орайда жуырда Беларус Республикасының астанасы Минск қаласында Евразиялық Экономикалық одаққа мүше елдері бірлескен коллегиясының ұйымдастыруымен инспекциялық тексеру кешені оператор-талдаушыларының арасында «Кәсіби шеберлік конкурсы» өтті.
Аталмыш конкурсқа Қазақстан Республикасы жағынан Жетісу облыстық мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл-жол» және «Нұр жолы» кеден бекеттерінің бас мамандары Олжас Әнуарбеков пен Марат Сыздықов қатысып, өздерінің кәсіби шеберліктерін халықаралық дәрежеде дәлелдей білді. Конкурс нәтижесі бойынша мемлекеттік кірістер комитетінің командасы жүлделі үшінші орынға ие болды.
Бұл жеңісті бүкіл Қазақстан кеденшілерінің жетістігі және жоғары деңгейдегі кәсіби шеберлігі деп бағалауға болады. Біз өз ісінің шебері атанған осындай кәсіби мамандармен мақтанамыз.
Бекен НҰРАХМЕТОВ,
Жетісу облыстық мемлекеттік кірістер департаменті
«Алтынкөл-жол» кеден бекеті басшысының орынбасары





