Өнер, біліммен әлемге танылып жүрген оқушылар өңірде баршылық. Елдің, туған жердің атын шығарып жүрген жеткіншектерге құрмет айрықша. Былтырғы қазан айынан бері робототехника, IТ салалары бойынша бірқатар оқушылар әлемдік білім додаларында топ жарып, жерлестерінің мақтанышына айналып отыр.
Исатай Исмағзидің информатикаға деген құштарлығы ерекше. Кішкентайынан осы пәнді жіті зерделеп, үлкен ізденіспен оқып жүрген оның бағындырған белесі көп. Жақында ғана дарынды оқушы Молдова елінде өткен VIII Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасынан (EJOI) күміс медаль жеңіп алды. Беделді халықаралық жарысқа 26 елден 98 дарынды жас қатысып, информатика саласында білімдерін сынаған. Бұл олимпиада IT индустриясында болашақ таланттарды тәрбиелеуге бағытталған.
Исатайдың жеңісі Қазақстан жастарының әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Оның Талдықорған дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының оқушысы екенін айта кеткен жөн.
– Әуел баста ағылшын тілін оқыдым. Кейіннен информатикалық есептерді шешуге ден қоя бастадым. Оған себепкер жанымдағы достарым болатын. Үнемі ізденіп, жаңа нәрселерді үйренуге деген құлшыныстың арқасында көп жетістікке жетуге болатынын түйсіндім. Жетекшім Айбек Аширметовке айтар алғысым шексіз. Кез келген уақытта көмегін көрсетіп, жан-жақты білім береді. Дұрыс жол көрсеткендігінің нәтижесінде жарыстарда жеңілмей келемін. Жалпы қазақ елінің мақтанышы болу бір ғанибет. Болашақта Отан үшін аянбай тер төгіп, оның өркендеуіне үлесімді қоссам нағыз жеңіс сол болар еді, – дейді жас дарын.
Исмағзи бір үйдің жалғыз ұлы. Анасы Айжан Шыныбекова баласының болашағынан зор үміт күтеді. Сыртта жүрсе тілегінен тастамайтынын айтады.
Талантты оқушы қазіргі уақытта информатика бойынша әлемдегі білікті шәкірттер қатысатын додаға дайындық үстінде. Ондағы 1-орынды аламын деген асыл ниеті бар.
Ясин ОРАЛБЕК





