Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүргізілуде. «2025-2029 жылдарға арналған энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде әртараптандырылған қаржыландыру, ашық сатып алу, отандық өндірушілерді қолдау және цифрлық бақылау тетіктері енгізілуде.
Жобаның негізгі мақсаты – инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту және халықты сапалы әрі сенімді қызметтермен қамтамасыз ету. Аймақта жылу, электр және су жүйелерінің тозу деңгейі жоғары болып қалуда. Осылайша, жылу желілері шамамен 50%, ал электр желілері 90%-ға тозған. Алдағы бес жылда ұлттық жоба аясында шамамен 70 млрд. теңге жұмсау және 1300 шақырымнан аса желіні жөндеу жоспарланған. Бұл негізгі инфрақұрылымның тозуын 10-20% -ға төмендетуге мүмкіндік береді.
2026 жылдан бастап жобаларды іске асыруға аймақтың ірі кәсіпорындары, соның ішінде «ТАЭТК» АҚ, «Талдықорғанжылусервис» КМК және «Жетісу Су Арнасы» МКК қосылады. Олардың жобаларының жалпы құны 14 млрд. теңгеден асады. Бүгінгі таңда департаментке 100-ден аса өтінім келіп түсіп, 3 инвестициялық бағдарлама бекітілді. «Инвестиция орнына Тариф» бағдарламасы аясында «Жетісу Су Құбыры» және «ТАЭТК» кәсіпорындары қосымша қаражат тартып, желілерді жаңартуға кірісті. Нәтижесінде электр энергиясын беру тарифі сәл көтерілді, алайда барлық қосымша қаражат тікелей инфрақұрылымдық жұмыстарға бағытталмақ.
Бұл ретте халықтың әлеуметтік осал топтары тұрғын үй көмегі есебінен тарифтердің өсуінен қорғалатын болады. Биылғы бірінші жартыжылдықта азаматтардан 99 өтініш келіп түсіп, олардың үштен бірі оң шешімін тапқан. Уақытша өтемақы тарифі есебінен тұтынушыларға 240 млн. теңгеден аса қаражат қайтарылды. Департамент табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне жүйелі бақылау жүргізуді жалғастыруда. Биыл 19 әкімшілік іс қозғалып, қорытындысына сәйкес 20 млн. теңгеден аса сомаға айыппұл салынды.
Облыста тарифтік саясат ашықтық және ашықтық қағидаттарында жүргізіледі. Ұлттық жобаны іске асырудың арқасында аймақтағы жылу, су және электр инфрақұрылымы біртіндеп жаңартылатын болады. Бұл халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын едәуір арттыруға жол ашады.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





