Шымкент қаласының бірнеше тұрғынын алдап, ірі мөлшерде шығын келтірген күдікті Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бас прокуратура ұсынған деректерге сүйенсек, Анталья қаласында құрықталған Қазақстан азаматы елімізге жеткізілді. Ол бірнеше мәрте аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталып отыр. Тергеу материалдары көрсеткендей, 2019–2020 жылдар аралығында күдікті Шымкент қаласының 4 тұрғынының сеніміне кіріп, олардың ақшалай қаражаты мен жер учаскелерін иемденген. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 95 млн теңгені құрайды.
Алаяқтық жолмен қаражатты иемденген соң, күдікті шекара асып, бой тасалаған. Осы себепті оған халықаралық іздеу жарияланды. Құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысы мен халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде ол Түркия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы негізінде Отанына қайтарылды. Қазіргі таңда күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.
Айта кетерлігі, мұндай қылмыстар үшін заңнамада қатаң жаза қарастырылған. Кінәсі дәлелденген жағдайда, ол мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.





