Алматы қаласындағы Сайран көліне құятын Үлкен Алматы өзенінің арнасында ерекше арт-нысан бой көтерді. Аталған композиция осыдан бірнеше жыл бұрын суға батып бара жатқан итті құтқару үшін қол ұстасып, тізбек құраған бейтаныс жандардың ерлігіне арналған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ресми ашылуы 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне жоспарланған мүсіннің авторы – танымал суретші Ербосын Мелдібеков. Жобаның бастамашысы болған ForteBank өкілдері аталған нысанның жай ғана мүсін емес, адамдар арасындағы өзара көмек пен жанашырлықтың айқын белгісі екенін айтады. Ескерткіш нақ оқиға орын алған жерде, жағалаудың дәл жиегінде орнатылған. Мүсін композициясындағы соңғы тұлғаның қолы қоршаудан тыс шығып тұр. Мұндай шешім кез келген өтіп бара жатқан адамның сол қолдан ұстап, мейірімділік тізбегінің бір бөлшегіне айналуына мүмкіндік береді.
Оқиғаның тарихына үңілсек, жағдай 2016 жылғы маусым айында басталған болатын. Сол сәтте Сайран су қоймасына құлап кеткен итті көріп, бір топ жігіт дереу әрекетке көшеді. Олар бір-бірінің қолынан мықтап ұстап, тірі тізбек құру арқылы жануарды ажалдан арашалап қалған еді. Аталған тебіреністі сәтті бейнетаспаға түсіріп алған куәгер Марьянна сол күнгі толқынысты әлі ұмытпағанын айтады.
«Баламызбен қыдырып жүріп, су ішінде жанталасқан итті көрдік. Жігіттердің сондай ұйымшылдықпен әрекет еткеніне таң қалдық. Ит құтқарылғанда анам екеуміз қуаныштан жылап жібердік. Енді, міне, сол сәт ескерткішке айналғанда тағы да көзіме жас алдым. Аталған туынды – әрқашан адам болып қалу керек екенін еске салатын жақсы бастама», – дейді қала тұрғыны.
Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде жаңалықты өте жылы қабылдады. Көпшіліктің пікірінше, мұндай «адамгершілік ескерткіштері» жас ұрпақты мейірімділік пен жанашырлыққа тәрбиелеу үшін өте қажет. Айта кетерлігі, сол кезде итті құтқарған қаһармандардың кім екені әлі күнге дейін белгісіз болып қалуда. Олар өз ерліктерін жарнамаламай-ақ, нағыз азаматтық танытқан еді.
Аталған арт-нысан Алматының көрікті жерлерінің біріне айналып қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен қолдаудың маңыздылығын паш етпек. «Адамның күні адаммен» деген аталы сөздің мәнін осы мүсіннен анық көруге болады.





