Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылында цехта жарылыс болып, бір жұмысшы қаза тапты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты.
— 2020 жылғы 29 қазанда сағат 11.31-де Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментіне Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында дәретхана қағазын шығаратын цехта қағаз кептіруге арналған қазандықтың жарылғаны және ішінара шатырдың құлағаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнында өрт болған жоқ, — деді ол.
Ресми өкілдің айтуынша, апатты жағдайдың салдарынан 1983 жылы туған бір жұмысшы қайтыс болды. Ал 1999 жылы туған тағы бір жұмысшы түрлі жарақатпен Ұйғыр ауданының орталық ауруханасына жеткізілді.
— Цехтың ауданы 200 шаршы метрді құрайды. Апат орнының көлемі — 25 шаршы метр. Цехтың төбесі шатыр түрінде жасалған, бір қабатты, профильді жабындымен жабылған, қабырғалары сплитерлік блок. Алдын ала болжам бойынша апатты жағдай өндіріс технологиясының бұзылуы салдарынан орын алған, — деді Талғат Уәли «Қазақпаратқа» берген сұхбатында.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





