Алакөл ауданында көктемгі дала жұмыстарына дайындық пен ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған арнайы жиын өтті. Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет КЕНЕНБАЕВ, «КазАгроҚаржы» АҚ Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Талғат МАМЫРБАЕВ, ауданның тиісті бөлім басшылары мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты. Жиналысты аудан әкімі Алмас АБДИНОВ жүргізді.
Кездесу барысында көктемгі егін егі науқанының барысы, мемлекеттік қолдау тетіктері, минералды тыңайтқыштар мен жеңілдетілген жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, суару маусымына дайындық, каналдарды тазалау, зиянкестерге қарсы күрес және мал шаруашылығындағы вакцинация жұмыстары жан-жақты сөз болды.
Басқосуда көктемгі егіс жұмыстарының ұйымдастырылуы басты назарға алынды. Айталық, аудан бойынша биыл көктемде 44 993 гектар жер жырту жоспарланған. Сонымен бірге 13500 гектар сүдігердің ылғалы жабылып, өткен жылғы көпжылдық шөптер мен күздік дақылдар егілген 21531 гектар алқап тырмаланады. Жалпы көлемі 58 493 гектар жаздық дақыл себу межеленіп отыр.
Қазіргі таңда дала жұмыстары басталып, нақты көрсеткіштер де жаман емес. Бүгінгі күнге дейін 9600 гектар алқаптың ылғалы жабылып, 13000 гектар жер тырмаланған, 14000 гектар жер жыртылған. Сондай-ақ, жаздық дәнді масақты дақылдарды себу жұмыстары қолға алынып, 1000 гектарға жаздық арпа, 1000 гектарға жаздық бидай егілді. Бұдан бөлек, 30 гектарға қант қызылшасы, 500 гектарға азықтық дақылдар себілген. Көктемгі науқанға барлығы 82 техника жұмылдырылған.
Жиында мемлекеттік қолдау шарасы мен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне берілетін жеңілдіктер де кеңінен түсіндірілді. Әсіресе көктемгі науқан кезінде шаруаларды минералды тыңайтқыш, арзандатылған жанар-жағармаймен уақытылы қамтамасыз ету мәселесі маңызды екені айтылды. Сонымен қатар, суару маусымына тыңғылықты дайындалып, каналдарды тазалау жұмысын жеделдету қажеттігі тапсырылды.
Кездесуде зиянкестерге қарсы күрес пен мал шаруашылығындағы ветеринариялық шаралар да назардан тыс қалмады. Малдарды уақытылы вакцинациялау, індеттің алдын алу, көктемгі кезеңдегі санитариялық талаптарды сақтау мәселелері жауапты мамандардың қатысуымен қаралды.
Басқосу барысында фермерлер одағының төрағасын сайлау мәселесі де көтерілді. Бұл ретте шаруалар тарапынан нақты ұсыныстар беру қажеттігі айтылып, ауыл шаруашылығы саласындағы ортақ мәселені бірлесіп шешудің маңызы сөз болды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі тиісті сала басшылары мен жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, көктемгі егіс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау, тыңайтқыштар мен жанар-жағар майды кешіктірмей жеткізу, суару жүйелерін толық дайындау, зиянкестерге қарсы күресті күшейту және малдарды уақытылы вакцинациялау жұмыстарын сапалы ұйымдастыру міндеттелді.
Рысалды ШАРАПИЕВА,
Алакөл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы





