Достық ауылында «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында салынған 600 орынды Достық орта мектебі пайдалануға берілді. Жайлы мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Диас ЕСДӘУЛЕТОВ қатысты.
Шарада сөз алған аймақ басшысының орынбасары жұртшылықты Президент тапсырмасымен бой көтерген білім ордасының ашылуымен құттықтап, мектеп директорына оқушыларды тасымалдауға арналған жаңа автобустың кілтін табыстады.
Өз кезегінде сөз алған ғимарат құрылысын жүргізген «VentKarkara service» компаниясының директоры Еркін Ахметжанов мектеп ұстаздарына білімді, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеу жолында сәттілік тілейтінін айтып, ақжарма тілек ақтарды.
Осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов пен ардагер ұстаз Қоңыржай Қысталасова салтанатты түрде мектеп лентасын қиды.
Білім ордасының ішін аралаған қонақтар 4 млрд. 700 млн. теңге қаражатқа салынған мектеп іші толықтай заман талабына сай құрылғылармен жабдықталғанын көрді. Оқушылар робототехника, физика, химия, биология, информатика кабинеттерінде жаңа алынған құрылғыларды қолданып сабақ өтеді. Мектепке 58 мұғалім жұмысқа орналасып, 640 оқушы қабылданыпты.
Жаңа да жайлы мектептің ашылғанына оқушылар да дән риза.
– Біз «Келешек мектебінің» ашылуын асыға күттік. Әр сынып жаңа технологиямен жабдықталыпты. Медицина саласында жұмыс істеуді армандағандықтан маған биология кабинеті қатты ұнады. Біз қазір сабақта электрондық планшет, тақта, зертханалық құрылғыларды қолданудамыз. Осындай жайлы әрі заман талабына сай мектепте білім алған біздер бақытты ұрпақпыз, – дейді Кәусар Әсембекова.
Мектеп директоры Айнагүл Тезекбайқызы:
– «Келешек мектеп» желісінің жаңа буыны болып саналатын Достық орта мектебі – заманауи инфрақұрылымға, жаңаша оқыту жүй-есіне және көптілді білім беруге бағытталған оқу орны. Мұнда ұстаздардың жұмыс істеуіне, оқушылардың білім алуына, бос уақытта әртүрлі үйірмеге қатысып, жан-жақты дамуына зор мүмкіндік жасалған. Әр бала өз қабілетін ашып, шығармашылық тұрғыдан дамуға мүмкіндік алады. Біз жас ұрпақты өз мәдениетін құрметтей отырып, әлемдік білім кеңістігінде еркін ойлай алатын тұлға етіп тәрбиелеуді мақсат етеміз, – деді.
«Келешек мектебі» жобасы аясында бой көтерген жаңа мектеп өңірдің білім беру инфрақұрылымын дамытуға өз үлесін қоспақ.
Айдар ҚАЛИЕВ





