Көктем мезгілі басталғалы елімізде кененің белсенділік кезеңі де арта түтсі. Қазіргі таңда кене шағуына байланысты 478 адам дәрігерлерге жүгінген, алайда кене энцефалиті жағдайлары тіркелген жоқ, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Күннің жылынуына байланысты, әсіресе табиғат аясында кенелерге тап болу қаупі артады. Қазақстанда энцефалитті жұқтыру қаупі жоғары Алматы қаласы, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстары, сондай-ақ Абай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары секілді 7 эндемиялық өңір анықталған.
Кене энцефалиті кененің шағуы арқылы берілетін вирустық ауру, ол ми мен жұлынды зақымдауы мүмкін. Ауыр жағдайларда бұл дерт күрделі асқынуларға әкелуі ықтимал, сондықтан дер кезінде қорғану шараларын қабылдау маңызды.
Кене шағуының профилактикалық шаралары қарапайым әрі қолжетімді:
- Вакцинациялау ең сенімді қорғаныс тәсілі (алдын ала жоспарлаған жөн);
- Киім жабық, ашық түсті, жеңі тығыз манжеталы болуға тиіс;
- Репелленттер кенелерге қарсы арнайы құралдарды пайдалану;
- Табиғаттағы мінез-құлық биік шөптерден аулақ болу, өзіңізді және балаларды үнемі тексеріп отыру;
- Қауіпсіз тамақтану сүтті міндетті түрде қайнатып ішу.
Егер кене теріге жабысып қалса, сабыр сақтап, дұрыс әрекет ету қажет:
- кенені пинцет немесе жіптің көмегімен абайлап алып тастау;
- шағу орнын антисептикпен өңдеу;
- мүмкіндігінше кенені зертханаға талдауға тапсыру;
- міндетті түрде дәрігерге қаралу, қажет болған жағдайда 72 сағат ішінде иммуноглобулин енгізіледі.





