Алматы облыстық экология департаментінде Іле Алатауының теріскей шатқалында, теңіз деңгейінен 1759 метр биіктікте орналасқан Есік көлінің мәселесі қаралды.
Жиынның өтуіне әлеуметтік желіде, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Есік көліндегі келеңсіз жағдайлар мен көріністер арқау болды. Оның ішінде көл жағалауына ретсіз салынған қоғамдық тамақтандыру нысандары, автокөлік тұрақтары, моторлы қайықтар мен катерлер және олардан шығатын жағымсыз иістер, жанар-жағармай, дизель отыны, керосиннен бөлінетін химиялық элементтер, даңғаза музыка, тұрмыстық қатты қалдықтардың шашылуы сияқты антропогендік жағдайлардың қоршаған ортаға, табиғатқа, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне келтіретін зияны жан-жақты талқыланды.
Іле Алатауы ұлттық табиғи саябағының аумағында орналасқан, ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі қарауындағы Есік көлі өткен жылдың 4 қаңтарында облыс әкімінің қаулысымен барлық бөгет, қондырғы, 142 гектар алаңы облыстық ауылшаруашылық басқармасына өтті. Басқарма тарапынан конкурс өткізіліп, қайтадан «Қазэлектроэнергия» ЖШС-на 49 жылға жалға берілген.
Алайда жиналыс барысында көлді жалға алған мекеме өз міндетін толық орындамағаны белгілі болды. Десе де, «Қазэлектроэнергия» ЖШС өкілдері өз жұмысын жақсы қырынан дәлелдеуге тырысып бақты. Қос тарап тыңдалған соң барлық айтылған мәселелер мен ұсыныстар қайта пысықталды. Нәтижесінде, облыстық экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов аталмыш мәселені туындаған жерінде қарастыруды жөн деп шешті.
Сөйтіп, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары А.Досымбаевқа келесі басқосудың Есік қаласында өтетінін ескертіп, жиналысқа осы мәселеге қатысты барлық құзырлы, арнайы мемлекеттік мекеме басшылары мен өкілдерін, сонымен қатар, Балқаш – Алакөл бассейндік су инспекциясы, облыстық қаржы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандарын толығымен шақыруды ұсынды. Онда «Қазэлектроэнергия» ЖШС өкілдері қоршаған ортаны, табиғатты қорғаудағы іс-шара жоспарын таныстырып, ұсыныс, жоспарлары тыңдалатын болды.
Қажет АНДАС
Алматы облысы
Сурет ғаламтордан алынды





