Көксу ауданында да мал төлдету науқаны жоспарлы түрде жүзеге асырылып, оң көрсеткіштерге қол жеткізілуде. Биыл аудан бойынша жалпы 120 428 бас төл алу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 38 391 бас төл алынып, жоспардың 32 пайызы орындалды.
Қой-ешкіден 97 935 бас төл алу көзделген. Қазіргі есеп нәтижесінде 32 914 бас төл алынды. Ірі қара мал шаруашылығында да оң көрсеткіш бар. Жоспар бойынша 15 300 бас төл алу көзделсе, бүгінгі есеп бойынша 5 200 бас төл туылды. Ал жылқы шаруашылығы бойынша көзделген меже 6 993 құлын болса, шаруалар қолындағы 105 бие құлындаған. Бұл салада төлдету кезеңі әлі де жалғасуда. Түйе шаруашылығындағы жоспар 50 бас болса, күні бүгінге дейін 20 бас бота есепке алынды. Бұл көрсеткіш те алдағы уақытта толық орындалады деп күтілуде.
Жалпы, ауданда мал төлдету науқаны бақылауда және жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жауапты сала мамандары мен шаруашылық иелері төлдің аман сақталуы мен күтіміне ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл өз кезегінде ауданның мал шаруашылығын дамытуға және ауыл экономикасын нығайтуға оң әсерін тигізері сөзсіз.
Аружан ЖАҚЫП,
Көксу ауданы әкімінің баспасөз хатшысы





