Жетісу облысының шекара аймағында жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған маңызды шара өтті. Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Көксу» шекара бөлімшесінде Көксу орта мектебінің оқушылары үшін танымдық сабақ ұйымдастырылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бөлімше бастығы, майор Н. Исмайыл «Жас шекарашы» әскери-патриоттық үйірмесінің жоспарына сәйкес, мектеп оқушыларына шекара шебіндегі қызметтің ерекшеліктерін түсіндірді. Танымдық сабақ барысында балалар шекарашылардың күнделікті тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп, ел шебін қорғаудың маңыздылығын ұғынды.
Мұндай шаралар жасөспірімдердің бойында жауапкершілік сезімін оятып, елге деген сүйіспеншілігін арттыруды көздейді. Оқушылар әскери техникалар мен құрылғыларды қызыға тамашалап, мамандыққа қатысты сауалдарын қойды.
Кездесудің тағы бір маңызды бөлігі – жоғары сынып оқушыларына арналған үгіт-насихат жұмысы. Жастарды әскери мамандыққа баулу мақсатында майор Н. Исмайыл жоғары әскери оқу орындарына түсу тәртібі туралы толық мәлімет берді.
Оқушыларға әскери оқу орындарына қабылдау талаптары мен іріктеу кезеңдері, болашақ офицерлерге берілетін жеңілдіктер мен әлеуметтік қолдау, қызмет бабындағы өсу мүмкіндіктері мен мемлекеттік кепілдіктер бойынша ақпарат ұсынылды.





