Көксу ауданының орталығы – Балпық би ауылында 20 пәтерлі жаңа қызметтік үйдің кілті еңбек иелеріне салтанатты түрде табысталды. Бұл аудан еңбеккерлерінің тұрмысын жақсартып, әлеуметтік қолдау көрсету бағытында атқарылып жатқан игі істердің бірі.
Мамыр айының екінші жартысында басталған құрылыс өз мерзімінде аяқталып, бүгінде тұрғындарға есігін айқара ашты. Нысанның жалпы ауданы – 1469,1 шаршы метр, ал жобаның жалпы құны 604,4 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Жаркент Алғыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізсе, жобалаушы мекеме – «TS-Smart Construction» ЖШС. Жаңа үйден барлығы 20 пәтер берілді: оның бесеуі 1 бөлмелі, бесеуі 2 бөлмелі, ал қалған 10-ы 3 бөлмелі болып салынған.
Салтанатты жиында Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов сөз сөйлеп, жаңа пәтер иелерін қоныс тойымен құттықтап:
– Бүгін ауданымыз үшін қуанышты күн. Соңғы жылдары өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуы бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бір айғағы – бүгін табысталып отырған қызметтік тұрғын үй. Бұл еңбек адамдарына деген құрметтің нақты көрінісі, – деді.
Жаңа қоныс иелерінің қатарында дәрігерлер, ұстаздар және құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар. Солардың бірі – Көксу аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Аманжол Бейсенғазыұлы:
– Бұл қызметтік үй біз үшін үлкен қуаныш әрі мотивация. Осындай қамқорлық бізге шабыт беріп, аудан халқына адал қызмет етуге жігерлендіреді, – деді.
Тағы бір қуаныш иесі – Көксу аудандық орталық ауруханасының терапевті Наурызбек Сейілхан да өз ризашылығын білдіріп:
– Шынын айтсам, бұл қуаныштың сезімін сөзбен жеткізу қиын. Біздің мамандығымыз жауапкершілігі жоғары, тәулік бойы тыным таппай халықтың денсаулығын сақтау жолында қызмет етеміз.Еңбегіміздің еленіп, баспананың берілуі – үлкен демеу. Ал бүгінгі пәтер біздің өмірімізге жаңа тыныс, жаңа жігер беретін үлкен мүмкіндік. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау – мамандарды ауылда ұстап қалудың тиімді жолы. Біз де осы қолдауды сезіне отырып, елге адал қызмет етуге, аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бар күшімізді саламыз. Әрбір дәрігер үшін осындай жағдай жасау – сенім мен жауапкершілікті арттырады, – деді.
Заманауи талапқа сай салынған жаңа баспана барлық инженерлік жүйемен қамтылған. Көксу өңіріндегі әлеуметтік ин- фрақұрылымды нығайту, еңбек адамдарына жағдай жасау жолындағы нақты әрі нәтижелі қадам.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
Көксу ауданы
Суреттерді түсірген Дмитрий ЕРОФЕЕВ





