Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтің есімі қазақ халқы үшін батырлықтың символы іспеттес. Алайда 305 рет жауға шабуыл жасап, аспанда 500 сағаттан астам уақытын өткізген қаһарманды ажалдан аман алып қалған тек әскери шеберлік қана емес, ата-бабадан қалған асыл дұға екен, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Liter.kz сайтына сілтеме жасап.
Соғыстың қызған шағында, атеистік идеология билік жүргізген кезеңде де батыр жүрегіндегі иманын жоғалтпаған. Т. Бигелдинов өз естеліктерінде 101 жасқа келген апасының үйреткен дұғасы туралы айтып берген. «Балам, күн күркіреп, найзағай ойнағанда осыны оқысаң, жасын тимейді, сені айналып өтеді» деп жаттатқан қарияның сөзі майдан даласында батырдың басты қаруына айналады.
«Тұңғыш рет самолетке отырар алдында сол дұға ойыма сарт ете қалды. От пен оқ та бір жасын емес пе деп, апам үйреткен сөздерді айтып ұшуға аттандым», – дейді батыр атамыз.
Небәрі 23 жасында екі мәрте батыр атанған Талғат Жақыпбекұлы Ил-2 шабуылдаушы ұшағымен көк жүзін тітіретті. Немістер оның ұшағын «Қара ажал» деп атап, сескенетін. Ол Берлинді алу операциясына алғашқылардың бірі болып қатысып, қазақ рухының асқақтығын паш етті.
Соғыстан кейін де Талғат Бигелдинов қарап отырмай, елдің авиация саласын аяғынан тік тұрғызуға атсалысты. 1957-1970 жылдары Алматы, Қызылорда, Тараз сияқты ірі қалаларда әуежайлардың салынуына жетекшілік етті. Кейін инженерлік білім алып, Алматының сәулетті ғимараттарының бой көтеруіне де өз үлесін қосты.
Батырдың өмірі – рух пен сенімнің адам баласына қаншалықты күш беретінінің жарқын үлгісі. Ол қиын сәтте Жаратушыға сыйыну арқылы ішкі тыныштық тауып, жеңіске жете білді.





