Қыс маусымы жақындаған сайын көлік иелеріне аяз бен қарлы күндерге алдын ала дайындалу маңызды. Сарапшылардың айтуынша, төмен температура көліктің негізгі жүйелеріне айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан күтпеген жағдайлардың алдын алу үшін қарапайым, бірақ маңызды шараларды орындау қажет, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Дөңгелек ауыстыру
Температура тұрақты түрде +7 °C төмен түскен кезде қысқы дөңгелекке ауысқан жөн. Шегесі бар дөңгелек мұзды және қарлы жолдарға тиімді болса, фрикциялық (жабысқақ) түрі ылғалды ауа райында жақсы нәтиже береді. Протекторы терең дөңгелек қарда тартылуды күшейтіп, қозғалыс қауіпсіздігін арттырады.
Аккумуляторды тексеру
Суық күндері аккумулятордың қуаты төмендеп, көлік қиын оталуы мүмкін. Мамандар аккумулятордың заряд деңгейін, жалғаулар мен клемалардың тотығуын тексеріп, қажет болса, алдын ала зарядтауға кеңес береді. Әсіресе 3-5 жылдан бері қолданылып жүрген аккумуляторды ауыстыру орынды.
Май мен сүзгілерді ауыстыру
Қыста қозғалтқыш майы қоюланып, мотордың жұмысын қиындатады. Сондықтан төмен температураға арналған синтетикалық май қолдану ұсынылады. Сондай-ақ ауа және жанармай сүзгілерін тексеріп, қажет болса ауыстыру қозғалтқыштың тиімділігін сақтауға көмектеседі.
Антифриз және салқындату жүйесі
Антифриз қозғалтқышты қызып кетуден және радиатор сұйықтығының қатып қалуынан қорғайды. Оны маусым алдында тексеріп, өңірдің температурасына сәйкес түрін пайдалану керек. Сонымен қатар, жүйеде ағып кету бар-жоғын қарап шығу қажет.
Есіктер мен құлыптарды майлау
Аяз кезінде есік тығыздағыштары мен құлыптардың қатып қалуын болдырмау үшін силикон майы мен арнайы антифриздік сұйықтықтар қолдану ұсынылады.
Тежегіш жүйесін бақылау
Қыста тайғақ жолдарда тежегіш жүйесінің маңызы арта түседі. Тежегіш төсемдерінің тозуын және сұйықтықтың сапасын тексеріп, уақытында ауыстырған жөн.
Көлікті қысқа дайындау – жүргізушінің қауіпсіздігі мен көліктің ұзақ қызмет етуінің кепілі. Барлық жүйені уақтылы тексеріп, сапалы қысқы құралдарды пайдалану суық маусымдағы қиындықтар мен шығындарды азайтады.





