Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Бауыржан Сүлейменов пен Серік Жеңісұлы тілшілерге сұхбат берді.
Қаңтар айының 18-нен 19-на қараған түні православтар «Крещение Госпадне» мерекесін атап өтеді. Осы кезде көптеген адамдар суға түсіп, діни заңдылыққа сәйкес мінәжат жасайтыны анық. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері суға түсу кезінде сақтық шараларын сақтау бойынша ақпар беріп, жан-жақты мағлұмат беріп өтті. Облыс аумағында 21 суға түсу орны бөлініп, олар арнайы жабдықтармен жабдықталған. Бұл мекенжайларды шіркеуден, әкімшілік және 112 нөмірі бойынша анықтауға болады. Серік Жеңісұлы суға түсудің негізгі талаптарын атап өтті. Суға түсер алдында тамақтанып алуды, балалар мен жастарды қараусыз қалдырмауға және суға түсіп шыққанан кейін жылы киіммен оранып, арнайы дайындалған ыстық қант қосылған шай ішу керектігін, өзіңізді нашар сезінсеңіз, бірден дәрігерге көрінуді, мұнымен қоса, белгіленбеген жерге суға түсуге болмайтынын қатаң ескертті. Арнайы дайындалған аймақта медициналық және төтенше жағдайлар қызметінің мамандары адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады.
Мұнан кейін өрт қауіпсіздігі бойынша департамент басшысының орынбасары Бауыржан Сүлейменов бірқатар мәселелерді баяндап өтті. Жылыту маусымы басталған күннен бастап, тұрғындардың қауіпсіздігін жіті қадағалап келеміз. 2018 жылы 1699 өрт тіркелген. Әрине, 2017 жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға төмендеген. Өрттен 24 адам қаза болса, 8 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алған. Бұл оқиғалардың барлығы өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу салдарынан туындаған. Тұрғындардың басым көпшілігі қауіпсіздік шарасына немқұрайды қарап, өз істеріне салғырттық танытады дейді мамандар. Департамент қызметкерлері жыл басынан бері бірнеше мәрте ескерту жұмыстарын жүргізіп, арнайы сақтандыру парақшалары мен ақпараттық материалдар таратқан. Мамандар өрттің алдын алу жұмыстары әлі де жалғаса береді деп отыр. Олай болса, өз өмірімізге бейжай қарамаймыз.
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ,
«Жетісу»





