2022 жылы облыс бойынша 15 апаттық көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Биыл соның екеуі қолданысқа беріледі. Олар – Сарқан ауданындағы Лепсі өзені арқылы өтетін және Қаратал ауданындағы суару каналынан өтетін көпірлер.
Мұқан Төлебаев атындағы ауылдағы Лепсі өзені арқылы өтетін көпір кеңестік кезеңнен бері бар. Бірақ соңғы жылдары әбден тозығы жетіп, істен шығуға таяған. Көпір апатты жағдайда тұрғандықтан, облыс әкімімен кездесуде тұрғындар мәселені тез арада шешу қажет екенін айтқан. Себебі, бұл Мұқан Төлебаев, Шұбартүбек және Үлгі елді мекендерін орталықпен жалғастырып тұрған маңызды өткел. Халықтың сұранысы бойынша аймақ басшысы көпір құрылысын тез арада жөндеу қажеттігін сала мамандарына тапсырған. Осылайша халық үніне құлақ асатын мемлекет көпір құрылысының жұмысын жедел бастап кетті.
– Мемлекет басшысының Жетісу облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес облыстық маңызы бар автомобиль жолының бойында орналасқан 15 апаттық көпірдің құрылыс жұмысы басталды. Өткен жылы Ескелді ауданының Бақтыбай, Кербұлақ ауданының Майтөбе және Көксу ауданының Жарлыөзек ауылдарында үш көпір салынып, қолданысқа берілді. Ал Сарқан мен Қаратал аудандарында тағы екеуінің құрылысы қараша айының соңына дейін аяқталады. Қалған 10 көпірдің құрылысы 2025 жылы басталады, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Досжанов.
Жоба жұмысы 2023 жылдың маусым айынан басталды. Мұнда тапсырыс беруші «Жетісу облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесі. Құрылыстың бас мердігері «ЖОЛ» ЖШС, техникалық қадағалауды жүзеге асыратын ұйым «Аймереке» ЖШС, жобалаушы «CRB Construction» ЖШС. Жобаның жалпы құны 947,5 млн. теңгені құрайды. Қазір жұмыс 35 пайызға орындалып, бірінші және төртінші тіреулерге монолитті бетон құрылысы аяқталған. Жаңа көпірде жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы да жасалуда. Қазір құрылыс алаңында 25 маман, 13 техника жұмыс істеуде.
Мұқан Төлебаев атындағы ауылдың тұрғындары құрылыс барысын жіті қадағалауда. Сондықтан да мердігер жұмысты биыл аяқтауды жоспарлап отыр.
– Біз үшін бұл көпір – ең маңызды құрылыс. Оған ауылдың бүкіл өмірі тікелей байланысты. Осы көпірсіз облыстың басқа елді мекендерімен жол қатынасы мүмкін емес. Ал көршілес Шұбартөбек ауылының балалары соның бойымен мектепке келеді. 1969 жылғы ескі көпірдің тіректері мұз қату кезінде жарылған. Талай жыл қорқынышпен жүргенбіз. Енді міне, апатты көпір жөнделуде. Жаңа нысанның құрылысы ұзақ уақыт жүргізіледі екен. Ең бастысы, облыс әкімінің халық өтінішіне немқұрайдылық танытпағанына ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтамыз, – дейді жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Берікбол Шалтаев.
Қаратал ауданындағы Көкдала ауылында суару каналынан өтетін жаңа көпір салынуда. Ұзындығы 45 метр болатын өткелдің құрылысы 2023 жылы басталған. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, қосымша ескі көпірді бұзу жұмыстары жүріп жатыр.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Сарқан – Қаратал аудандары
Суретті түсірген Жұмабай МҰСАБАЕКОВ





