Адам емдеу – кәсіптің төресі. Ал сол мамандықты жүрекпен қалап, елдің алғысына бөленіп жүрген дәрігерлер – қоғамның арқа сүйер тірегі. Солардың бірі емес, бірегейі – Салтанат Мықтыбаева. Бүгінде ол Талдықорған қаласындағы «НҰР» ортопедия және нейрохирургия орталығының білікті жетекшісі әрі тәжірибелі невропатолог дәрігер.
Қос ананың тектілігі дарыған
Салтанат Жексенбекқызы өмірге келгенде оны ең алғаш бауырына басқан – апасы Жібек. Елу жастан асқан шағында немересіне еміренгендіктен кеудесінен сүт шығып, Салтанатты өзі емізген. «Ананың сүтімен берілген мінез» деген сөз осы бір ерекше тағдыр иесіне арналғандай. Салтанаттың бойындағы тектілік, табандылық, алғырлық сынды қасиеттер Жібек ананың болмысынан дарыған.
Жібек Мықтыбайкеліні – әулет ұйытқысы. Ол бала-шағасына болмысымен тәлім берген текті ана еді. Оның парасатынан, байламы мен ер мінезінен нәр алған Салтанат та ешбір қиындыққа мойымайтын, шешімді тез қабылдайтын, өмірге салмақпен қарайтын жан болып қалыптасты. Жібек ана өр мінезді, намысқой мықты жан болды. Осындай анадан тәлім алған Салтанаттың мықты болуы заңдылық.
Ал Салтанаттың анасы Жанат – алтын құрсақты, момын мінезді, ас-ауқаттың, ұрпақ тәрбиесінің ұйытқысы болған ізгі жан болатын. Көршінің баласын да өз баласындай мәпелейтін, жаз мезгілінде демалысқа келген ағайын-туманың балаларына қазан-қазан көже жасап, нан жауып, үйін тазалап, таңның атысы, күннің батысы дамыл көрмейтін. Қос ана тәрбиесін алған Салтанат қара нардай ел-жұрт, іні-сіңлілеріне қамқорлық танытудан әлі күнге қол үзген жоқ. Бірін оқытып, екіншісін үйлендіріп, тағы бірін баспанамен қамтамасыз етіп, еселі еңбек етіп келеді. Облыс халқы оны білікті невропатолог-дәрігер ретінде қадірлейді.
Мамандыққа жол сілтеу
Салтанат жиен әпкесі Күлән мен ұстазы Роза Смағұлқызының ұсынысымен мектептің соңғы сыныбында дәрігерлік жолға бет бұрды. Тума қабілеті мен жауапкершілігі, салмақты мінезі ақ халатты абзал жан болуға лайық еді. Содан бергі жылдарда ол өз ісін адал атқарып, мыңдаған адамның өміріне араша түсті. Жыл өткен сайын ми-қан айналымы бұзылыстары көбейген. Мұның салдары әртүрлі. Ішкен ас, ауаның ластығы, жүйкеге түсер салмақ мидың қан айналым жүйесіне салмақ түсіруде. Компьютер, телефонда ұзақ отыру, оттегі жұтпау, мидың демалмауы тамырлардың жарылуына әкеліп соғады. Осының салдарынан инсульт алу көбейген. Инсульттан қалыпқа келу үшін ұзақ уақыт керек. Ем-дом алғаннан кейін оңалту шаралары жасалуы тиіс. Міне, бас миының құрылысын, қан айналым жүйесін меңгеру әр дәрігердің қолынан келмесі анық. Осындай неврологияға байланысты жауапты міндеттер көбінесе Салтанат Жексенбекқызына жүктелетіні сондықтан. Ол клиникалық ординатураны аяқтап, кандидаттық диссертация қорғады. Қазіргі таңда «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері.
Сенім мен сапа мекені
Талдықорған қаласындағы «НҰР» ортопедия және нейрохирургия орталығы бүгінде тұрғындардың денсаулығын жақсартуға ерекше үлес қосып отыр. Орталықтың жұмыс бағыты кең ауқымды. Травматология мен нейрохирургия – буындарды эндопротездеу, омыртқаға радиожиіліктік денервация жасайды. Реабилитация – емдік дене шынықтыру, массаж, физиотерапия, жаттығу құрылғылары арқылы оңалту шараларын жүзеге асырады. Неврология – бас миы аурулары, остеохондроз, грыжа, инсульттің салдарынан орын алған кеселдерді қалпына келтіреді. Терапия – артрит, артроз, подагра секілді созылмалы ауруларды емдейді. Мұнда МӘМС жүйесі аясында тегін қызмет көрсетумен қатар ақылы ем де жүргізеді. Орталық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Диагностикалау үшін МРТ, КТ, УЗИ аппараттары бар. Клиниканың заманауи құрылғыларын келісімшарт негізінде басқа да медициналық мекемелер пайдаланады.
Салтанат Жексенбекқызы емделушілерге жай дәрігер ретінде емес, жанашыр жақын адамдай қарайды. Қандай ем түрін қолданса нәтижелі болатынын сараптайды. Сырқаттың салдарын зерттейді. Оның негізгі бағыты – ми қан айналымы бұзылыстары, инсульттің алдын алу, жүйке жүйесі дерттерін емдеу. Бүгінде инсультқа шалдыққандар саны көбейіп отыр. Бұл дерттің алдын алудың ең тиімді жолы – сырқат сыр бере бастағанда дереу дәрігерге қаралу.
Салтанат – елдің Салтанаты. Қызметтегі жетістік пен ел-жұрттың татулығы Салтанаттың ғана емес, Жібек пен Жанат аналар тәрбиелеген тұтас әулеттің жеңісі. Іні-сіңлілеріне қамқор, ел-жұртына жаққан жан Салтанат дәрігердің абыройы асқақ.
Гүлжан ТҰРСЫН





