«Мамандығым – болашағым» жобасы еліміздің 9 аймағында жүзеге асырылуда.
Бүгінгі таңда Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды облыстары мен Астана, Алматы қалалары өңірлік кадрларға қажеттілік картасын әзірлеуді аяқтап, осы аймақтардың басым секторларындағы келешегі бар кәсіптерді анықтады. Ал Жетісу облысы кадр қажеттілігіне форсайт-зерттеулер жүргізіп жатқан жетінші өңір.
Осы ретте І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында сараптамалық талқылау отырысының ресми ашылуы өтті.
Оған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн қатысып, республика бойынша жобаның табысты жүзеге асып жатқанын сөз етті. Жетісу университетінің ректоры Ермек Бөрібаев бұл Жетісу өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аса маңызды жоба екенін атап өтіп, отырыс жұмысына сәттілік тіледі. Форсайт жұмысына ірі кәсіпорын жетекшілері мен мекеме басшылары және жергілікті атқару органдарының өкілдері қатысты.
– Жетісу аймағында кадр даярлау бағдарламасы бес басым сектор бойынша әзірленеді. Жергілікті әкімдік жобалық кеңсеге өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіп кешені, энергетика және жаңартылатын энергия көздері, ақпараттық технологиялар мен туризм индустриясы сынды бес саланы ұсынып отыр. Алдағы уақытта сараптамалық топ осы салалар бойынша зерттеулер жүргізіп, өз ұсынымдарын береді, – деді «Мамандығым – болашағым» бағдарламасы жобалар тобының жетекшісі Олжас Сәкенов.
Айта кетейік, «Мамандығым – болашағым» жобалық кеңсесі Жетісу университетінде былтыр ашылып, өз жұмысын бастаған.
А. Ыбырай