Кейде бір адамның ғұмыр жолына үңілу арқылы тұтас бір дәуірдің тынысын тануға болады. Себебі, тарих тек ірі оқиғалар мен айтулы даталардан тұрмайды. Оны маңдай терімен жер емген, елдің ырысын еселеген, туған жерінің өркендеуіне күш-жігерін арнаған еңбек адамдары да жасайды. Сондай тұлғаның бірі – Жетісу жұртының жадында есімі айрықша сақталған Социалистік Еңбек Ері Зылиха Жанболатқызы Тамшыбай.
Көксу ауданындағы Зылиха Тамшыбай ауылында өткен қайраткердің 90 жылдығына арналған облыстық ғылыми-мерейтойлық конференцияның негізгі мақсаты да тарихи тұлғаның өнегелі өмір жолын, еңбек және қоғамдық қызметін кеңінен насихаттап, есімін ұлықтау, кейінгі ұрпаққа тағылым ету болды.
Алыс-жақыннан келген ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, қаламгерлер, еңбек ардагерлері, жерлестері мен ұрпақтары бас қосқан мерейтой өткен мен бүгінді жалғаған тағылымды жиынға айналды. Мерейтойлық шара ауыл төріндегі Зылиха Тамшыбайдың бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Тұлғаның рухына тағзым еткен көпшілік оның елге сіңірген еңбегіне құрмет көрсетті.
Бұдан кейін қонақтар ауылдық Мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған «Елге еңбегі сіңген тұлға» атты көрмені тамашалады. Мұнда Зылиха Тамшыбайдың өмірі мен еңбек жолын танытатын материалдар ұсынылып, келушілер ардақты жанның ғибратты ғұмырына тағы бір қырынан үңілді.
Шара ғылыми конференциямен ұласты. Мәдениет үйінің төрінде өткен ғылыми-мерейтойлық конференцияны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов жүргізді. Жиында облыс әкімі Бейбіт Исабаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтойға арналған құттықтауын жеткізді. Онда:
«Баршаңызды Социалистік Еңбек Ері, көрнекті қоғам қайраткері Зылиха Тамшыбаеваның туғанына 90 жыл толуына арналған конференцияның ашылуымен құттықтаймын! Зылиха Жанболатқызы саналы ғұмырын ел игілігі үшін қажырлы қызмет етуге, яғни, ауыл шаруашылығын дамытуға арнады. Ол әрдайым еңбекқорлық пен іскерліктің озық үлгісін көрсетті. Зылиха Жанболатқызының ел дәулетін еселеуге қосқан үлесі орасан зор. Ол айналасына үнемі шапағатын тигізіп, жұртының риясыз құрметіне бөленді. Біз халқымыз жаппай қолдаған Конституциямызда алғаш рет еңбекқорлық құндылығына айрықша мән бердік. Бұл асыл қасиетті өскелең ұрпақтың бойына сіңіру үшін кәсібіне адалдық танытып, соңында мол өнеге қалдырған осындай тұлғалардың ғұмырын дәріптеуіміз керек», – деп жазылған.
Президенттің құттықтауынан кейін облыс басшысы Зылиха Жанболатқызының өнегелі өмірі мен елге сіңірген еңбегіне тоқталды. Ол өз сөзінде Зылиха Тамшыбайды Жетісу өңірінің мақтанышы, ел тарихында із қалдырған аяулы тұлға ретінде атап, оның есімі адал еңбек пен елге қызмет етудің, табандылық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі екенін айтты.
– Зылиха Жанболатқызы жастайынан шаруаға араласып, қарапайым ауыл еңбеккерінен іскер басшы деңгейіне дейін көтерілді. Ауыл шаруашылығының қыр-сырын жетік меңгеріп, талай жыл «Еңбекші» кеңшарын басқарды, оның өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосты. Ел алдындағы еселі еңбегі жоғары бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атанды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде де халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, ауыл тұрғындарының мәселелерін шешуге белсене атсалысты. Қандай биік лауазымға көтерілсе де туған жерімен, ауылымен, қарапайым еңбек адамдарымен байланысын үзген жоқ. Халықтың жағдайын, елдің тұрмысын бірінші орынға қойды, – деген Бейбіт Өксікбайұлы сөзінің өзегін бүгінгі ұрпаққа бұрды.
Атап өткеніндей, Зылиха Тамшыбайдың өмір жолынан жастар ең алдымен еңбекқорлықты, елжандылықты, қайсарлық пен жауапкершілікті үйренуі тиіс. Елді өркендетіп, мемлекетті нығайтатын күш те маңдай термен келген адал еңбек.
Аймақ басшысы бұл тағылымды бүгінгі қоғамдағы еңбек құндылығымен сабақтастырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидатын орнықтыруда елге адал қызмет еткен тарихи тұлғалардың өмір жолы мен еңбегі кейінгі буынға темірқазық бола алатынын атап өтті.
– Бұл конференция Зылиха Тамшыбайдың өмірі мен қызметін жан-жақты зерделеп, оның ел тарихындағы орнын бағалауға, кейінгі ұрпаққа тағылымын жеткізуге үлесін қосады деп сенемін. Астанадан, Алматыдан, басқа да өңірлерден арнайы келген қонақтарымызға терең ризашылығымызды білдіреміз, – деді Бейбіт Исабаев.
Конференция жұмысы одан әрі ғылыми баяндамамен жалғасты. Негізгі баяндаманы ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ақылбек Күрішбаев жасады.
Ғалым Зылиха Жанболатқызының есімін Жетісудың ауыл шаруашылығы тарихымен сабақтастыра отырып, оның сол кездегі ірі шаруашылықтардың бірі «Еңбекші» кеңшарын өркендетуге, елдің аграрлық саласын дамытуға сіңірген еңбегіне кеңінен тоқталды. Әсіресе Зылиха Тамшыбайдың егін шаруашылығына, соның ішінде қант қызылшасын өсіруге ден қойған кезеңі ерекше аталды. Ақылбек Қажығұлұлының айтуынша, шаруашылықта қант қызылшасынан гектарына 600-700 центнерге дейін өнім алынған. Мұндай көрсеткіштің өзі сол кездегі өндірісті ұйымдастыру деңгейі мен еңбек қарқынын аңғартса керек.
Қызылша өсіру Жетісу үшін жай ғана ауыл шаруашылығының бір саласы болған жоқ. Ол мыңдаған еңбек адамының маңдай терімен қалыптасқан тұтас еңбек мектебіне айналды. Сол мектептің алдыңғы шебінде жүрген Зылиха Тамшыбай есімі де өңірдің аграрлық жетістіктерімен бірге аталды.
Академик Зылиха Жанболатқызының еңбегін тек мол өніммен өлшеуге болмайтынына назар аударды. Оның өндірісті ұйымдастыру қабілеті, халықпен жұмыс істеу тәсілі, жаңашылдыққа бейімділігі мен үнемі ізденіске ұмтылысы бүгінгі буын үшін де құнды тәжірибе екенін жеткізді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының қазіргі мәселелеріне де кеңінен тоқталып, аграрлық өндірістің дамуындағы еңбек адамының орны туралы ой қозғады. Зылиха апамыздың еңбегін бағалап, тарихи тұлғаның өнегесін ғылыми тұрғыдан зерделеуге мүмкіндік берген осындай конференцияны ұйымдастырған облыс басшылығына алғыс білдірді.
Конференция мінберінде ғылыми пайыммен бірге жүрекке жақын естеліктер де айтылды. Қоғам қайраткері, «Барыс» орденінің иегері Наурыз Қылышбаев, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Абулхаир Бексұлтанов, Зылиха Тамшыбайдың жерлесі әрі бірге қызметтес болған ұстаз Дәмеш Жазылбекова да жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Ресми деректер тұлғаның ел алдындағы қызметін танытса, замандастарының сөзі оның адамдық болмысын аша түсті.
Конференцияда айтылған әрбір естеліктен бір кезеңнің келбеті, ауыл өмірінің тынысы, еңбек адамының мінезі көрінді. Елмен бірге жүріп, шаруашылықтың ыстығы мен суығына төзген жан туралы замандастарының сөзі тарихи тұлғаның бейнесін толықтыра түсті. Ал Зылиха Тамшыбайдың ұлы Қанат Қарабасовтың анасы жайлы айтқан естелігі жиынның ең әсерлі сәттерінің біріне айналды. Перзент жүрегінен шыққан әрбір сөзден анаға деген сағыныш пен құрмет, оның өмір жолына деген мақтаныш сезімі аңғарылды.
Ғылыми конференциядан кейін мерейтойлық шара ауылдың мәдени-спорттық өмірімен жалғасты. Спорт залында волейболдан жарыс өтіп, стадионда футбол мен қазақ күресінен сайыстар ұйымдастырылды. Сахна төрінде концерттік бағдарлама ұсынылып, ауыл тұрғындары мен қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен бірге ауылдағы 5 бірдей көпбалалы ана облыс әкімінің қолынан жаңа тұрғын үйдің кілтін иеленді.
Айта кетейік, 2025 жылы Зылиха Тамшыбай ауылында әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 15 жеке тұрғын үй салынды. Тұрғын үйлердің құрылысын «ВостокСтройЭнерджи» ЖШС жүзеге асырды. Әрбір тұрғын үйдің жалпы ауданы 73,0 шаршы метрді құрайды.
Қазіргі уақытта 5 жеке тұрғын үй берілді. Қалған тұрғын үйлердің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға дайын. Аталған тұрғын үйлерді азаматтарға «Отбасы банк» АҚ белгіленген тәртіппен беруді жүзеге асырады.
Сарби ӘЙТЕНОВА





