Талдықорғанның «Жетісу» командасының бас бапкері Самат Смақов «Қайрат» клубының жас қақпашысы Шерхан Қалмырза туралы пікір білдіріп, жас спортшыларға шамадан тыс назар аудармаудың маңызын атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
«Үлкен ағасы ретінде онымен жиі сөйлесемін. Шынымды айтсам, оған баспасөзбен араласпауға, түрлі телебағдарламаларға қатыспауға кеңес бердім. Шерхан әлі өте жас. Мысалы, Еркебұлан Сейдахмет «Уфаға» ауысқан кезде барлығы оны «тұншықтырып» жіберді: “Еркебұлан дәретханаға барды”, “Еркебұлан сусын сатып алды”, “Еркебұлан мынаны істеді” деген жаңалықтар көп болды. Соңында таланттан айырылдық», – деді Смақов.
Бапкердің айтуынша, ерте келген танымалдық пен артық назар жас футболшылардың дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін.
«Қазір ең бастысы – балаларға қысым жасамау, керісінше, қолдау көрсету. Олар әлі ештеңе ұтқан жоқ, сондықтан шамадан тыс мадақтаудың қажеті жоқ. Бір сәтте бүкіл бір буынды жоғалтып алу қаупі бар», – деп қосты ол.





