Әрбір мектеп бітіруші түлекті немесе 9-сыныптан кейін колледжде білім алуды қалайтын жасты «қай мамандықты таңдасам, қандай оқу орнында білім алсам» деген сауал ойландырары анық. Таңдаған оқу орны тек мамандық меңгертіп қана қоймай, талапты жастың ары қарайғы жолын қалыптастыруға, жоғары білім алып, ғылыммен айналысуына мүмкіндік ашып жатса құба-құп емес пе? Талдықорған қаласындағы Жансүгіров колледжі, міне, сондай жастардың жарқын болашағын қалыптастырып, ары қарайғы оқуын қамтамасыз ететін оқу ошағы десек, қателесе қоймаспыз. Биылғы жас түлектерге бағыт-бағдар беру мақсатында Жансүгіров колледжінің директоры, облыстық мәслихат депутаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі Марат МӘЛТЕКБАСОВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Марат Жабықбайұлы, өзіңіз басқаратын Жансүгіров колледжінің сапалық деңгейі қай дәрежеде? Жастарға қандай мүмкіндіктер береді? Қандай мамандықтарды меңгерулеріне жол ашады?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында білім саласына қатысты бірқатар тапсырма берді. Ғылым-білім саласын түбегейлі реформалау қажеттігін алға тартты. «Қазақстанның білім беру жүйесінің негізгі мәселесі – жеткілікті дәрежеде қаржыландырмау, реформада бірізділіктің жоқтығы және реформалардың шикілігі», – дей келе, 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға бөлінетін қаражат 7 есе өсетінін мәлім етті. Бұл сапаны арттырудың, жастардың жауапкершілігін оятудың, білімді бағалаудың төте жолы.
Оқу саласында білім сапасы – басты көрсеткіш. Колледжімізде бұл мәселеге айрықша мән беріледі. Уақыт талабына сай кредиттік технология қолданылады. Бұл мектепте Жаңартылған бағдарлама бойынша білім алған жастар соның жалғасы ретінде ары қарай колледжде сапалы білім алады деген сөз. Жасыратыны жоқ, қазір мектептер Жаңартылған бағдарламаға толықтай көшті деуге болады. Ал, колледждердің деңгейі сол қалыпта қалып отыр. Демек, көптеген кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері ескі жүйемен оқытуда.
Бұл білім сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан, колледждерге жаңа технологияларды енгізу аса маңызды. Осыған орай біздің колледж оқытушылары Жаңартылған бағдарлама бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, жалпы білім беретін пәндерді осы негізде оқытуда.
Оқу орындарындағы білім сапасын арттыру үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, сапасыз білім, оңды-солды диплом беретін оқу орындарын қысқартып, мамандықтарға орай топтастыру қажет. Бұл ретте Президент педагогикалық мамандықтарға талапты жоғарылату қажеттігіне айрықша тоқталып: «Мамандықтың беделін арттыру үшін болашақ педагогтарға стипендияны 26 мыңнан 46 мың теңге аралығында өсіру қажет. Бұған қоса педагогикалық маман дайындайтын ЖОО-ны және колледждерді мамандандыру керек. Жалпы педагогтарды арнайы жоғары оқу орындары оқытып, дайындауы тиіс», – деді.
Қазақстанда 130 жоғары оқу орны, 85 педагог мамандарын даярлайтын білім ордасы бар екен. Сараптап қарасақ, әр облысқа бір жоғары оқу орны жетеді. Қалған оқу орындарының материалдық-техникалық базасын бір жерге жинақтасақ, университеттердің берер білімі де, базалық, сапалық деңгейі де мықты болады.
Қазір облысымызда 70-тен аса колледж бар. Осыншама кәсіптік білім мекемелерінің керегі бар ма? Бұл ретте де оңтайлы шешім қабылдаған жөн.
Біздің колледжге келер болсақ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне қарасты болғандықтан көптеген артықшылықтары бар. Университеттің оқу лабораториясы мен материалдық-техникалық базасы кеңінен пайдаланылады. Арнайы пән бойынша ғылым докторлары мен кандидаттары дәріс береді. Мұнда білім алған түлектер ары қарай оқуын Жетісу мемлекеттік университетінде 3-курстан бастап жалғастырып, бакалавриат, магистратура, докторантураны оқуына мүмкіндігі бар.
Ал колледжде оқытылатын мамандықтарға келетін болсақ, тәрбиеші, бастауыш сынып мұғалімі, бастауыш сыныптар үшін ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, спорттан оқытушы-тренер, заңгер, қаржыгер, аудармашы, ақпараттық жүйе бойынша техник-бағдарламашы, дизайнер, көркемдік-әсемдік жұмыстарын орындаушы, туризм саласы бойынша саяхат жүргізушісі, турист агенті, менеджерлерді даярлаудамыз. Мұнымен қатар биыл есептеу техникасы және бағдарламалық оқыту біліктілігі бойынша сандық ақпаратты өңдеуші мамандығын аштық. Алдағы уақытта да уақыт талабына сай сұраныстағы мамандықтар қатарын толықтыратын боламыз.
– Жансүгіров колледжінің ашылғанына бір жылдың ғана жүзі болды. Осы оқу жылын қандай нәтижемен аяқтап отырсыздар?
— Өткен жылы 326 талапкер оқуға түсуге құжат тапсырды. Оның 200-і мемлекеттік тапсырыс бойынша, 102-сі ақылы бөлімге қабылданды. 24 бала құжаттарын қайтарып алды. Бір орынға 1,5-2 баладан конкурс болды. Жаңа ашылған колледж үшін бұл үлкен көрсеткіш. Бізді қуантқаны, бәсекеге қабілетті, мектепті жақсы нәтижемен тәмамдаған оқушылардың өз еріктерімен келіп, осы колледжді таңдағаны болды.
Талапкерлер осындағы білім сапасының жоғарылығын, барлық сұраныс пен қажеттілікті өтейтіндігін білген соң келіп отыр. Өткен жылы 302 жас оқуға түссе, қысқы сессияның нәтижесінде 5 студент қана оқудан шығып отыр. Бізде грант бойынша оқитындарға да, ақылы бөлімде білім алатындарға да талап біреу. Соның дәлелі жақында Петропавл қаласында өткен ағылшын тілінен республикалық олимпиадада бірінші, екінші, үшінші жүлделі орындарды біздің студенттер иеленді.
Биыл колледждің ұйымдастырған айтулы шарасы – облыстағы кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері арасында пән олимпиадасын өткізгендігі болды. Мұнда да біздің студенттер жоғары нәтиже көрсетті. Бұл да колледждегі білім сапасының көрсеткіші.
16 наурыздан бастап оқу орындарының қашықтан оқытуға көшкендігі белгілі. Осы орайда облыс бойынша бейнесабақтар конкурсы жарияланды. Оған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Айгүл Сүлейменова қатысып, «Заманауи сабақ – педагог шығармашылығының көрсеткіші» деген тақырыпта дәріс өткізді. Сабақтың сапасы мен берілуі жағынан 1-орынды жеңіп алды. Қазақстан тарихы пәні бойынша ұстаз Г.Бекішеваның жетекшілігімен онлайн олимпиадаға қатысқан студенттеріміз Алима Өскенбаева мен Айым Болсымбаева 2-орынды еншіледі.
«Әлеуметтік идея жәрмеңкесі және үкіметтік емес ұйымдар» конкурсына студенттерімен бірге қатысқан информатика пәнінің мұғалімі А.Нұрбекова мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік желілер арқылы азық-түлік жеткізу бойынша миллион теңгенің грантын ұтып алды. Ол қаржыға жобаны жүзеге асыру үшін қажетті техникалық құрал-жабдықтар алынады.
Облыстық білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің мониторингі бойынша Жансүгіров колледжі қашықтан білім беру бойынша әдістемелік көмек көрсететін облыстағы жеті үздік кәсіптік білім беру ұйымының қатарына еніп отыр. Осыған орай жуырда ғана «Кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінде қашықтан оқыту процесін ұйымдастыру» тақырыбындағы республикалық семинарда тәжірибе бөлістік.
Бұл ретте айтарымыз, қашықтан оқытуда бейнесабақтар өткізумен ғана шектелмеу қажет. Ол сабақты психологиялық тұрғыда қалай өткізу керек, баламен, ата-анамен қарым-қатынас қалай жүзеге асуы тиіс, соны зерттеуіміз керек. Біздің беріп жатқан біліміміз балаларға жетіп жатыр ма? Оны қандай түрде жеткізгеніміз дұрыс? Қандай әдістемені қолданған жөн? Осыны зерттеп еліміз бойынша бір әдіс-тәсілді анықтауымыз қажет. Балаға берілген білім кері байланыс арқылы ұстазға жетуі тиіс. Семинарда біз соның жолдарын көрсеттік. Оқу контенті ретінде оқу-әдістемелік кешенді пайдалануды ұсынып отырмыз.
Бұл кешен бүгін пайда болған жоқ. Ол кредиттік жүйе ретінде оқу орындарында қолданылып жүр. Оның теориясы, оқу-әдістемелік нысандары бар. Қазіргі таңда білім беруде қандай цифрлық платформалар пайдаланылып жатыр? Оның қайсысы тиімді екеніне мән беруіміз керек. Біз сабақтарымызды Ютуб каналына орналастырдық. Телеграмм арқылы оны талқылап, кері байланыс жасаймыз. Ол сабақтарды студенттер кез-келген уақытта көре алады. Қазір мыңға жуық бейнесабағымыз бар. Оның 54-ін республикалық «Талап» сайтына үлгі ретінде жібердік.
– Қазіргі таңда дуальді оқытудың маңызы зор. Колледжде ол қалай жүзеге асуда?
— Дуальді оқыту бойынша жаңа бастама ретінде Талдықорған қаласының «Немерелер», «Ален», «Алтын бесік» балабақшалары мен №18 орта мектеп-лицейі, Ескелді ауданының Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясы қабырғасынан кафедра филиалдарын аштық. Ол студенттердің тікелей сол мектепте ашылған кафедрада теориялық білім алып, тәжірибе жүзінде жұмыс істеп, нағыз маман болып шығуына мүмкіндік береді. Ол кафедрада студенттерге колледж оқытушылары мен мектептің мұғалім-әдіскерлері бірлесе білім береді.
Алдағы оқу жылында еліміз бойынша кәсіптік білім беру ұйымдарына жаңа стандарт енгізілмекші. Соған орай колледждерге университеттердегі сияқты қаржылылық және басқарушылық жағынан академиялық еркіндік беріледі. Оқытылатын пәндердің 30 пайызы міндетті, 70 пайызы таңдау пәндері болады. Ол арқылы базалық мектептер ұсынған пәндерді енгізе аламыз.
Мәселен, мектепке математикадан олимпиадаға даярлайтын мұғалім қажет болса, осы реттегі мамандарды енгізуге болады. Бастауыш сыныпқа орыс тілінен немесе ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдер керек болса, сондай мамандар даярлаймыз. Жаңағы 70 пайыз таңдау пәндері жұмыс берушінің, оқытушының немесе студенттің өтініші бойынша оқытылатын болады.
Демек, бұрынғыдай белгіленген бір мамандық қана болмайды, колледждерде университет сияқты мамандықтарды сұранысқа қарай өзгертуге мүмкіндік алады.
Бұл – заман талабы. Сондықтан біз мектеп, балабақша, басқа да жұмыс беруші мекемелермен тікелей қарым-қатынаста болып, оларға қандай мамандар керек екенін анықтап, осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Бұл арқылы елімізге қажетті мамандарды даярлап, кадр тапшылығын болдырмауға, жастардың жұмыспен қамтылуына ықпал етеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан — Алма ЕСЕНБАЕВА
Алматы облысы





