Белгілі саясаттанушы Марат Шибұтов Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасына қатысты өз ойын білдіріп, құжатты бүкілхалықтық референдумға ұсыну кезеңі жеткенін мәлімдеді. Сарапшының пікірінше, дайындалған жоба қоғамдағы түрлі көзқарастар мен сарапшылық талдаулардың сүзгісінен өткен сапалы құжат, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның оныншы отырысында Марат Шибұтов болашақ бірпалаталы Парламент – Құрылтайдың өкілеттіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа жүйеде Құрылтайдың маңызды мемлекеттік қызметтерге тағайындауларды келісу құқығы айтарлықтай кеңейеді.
Атап айтқанда, Құрылтай мына лауазымды тұлғаларды тағайындауды мақұлдайды:
-
Вице-Президент пен Премьер-Министр;
-
Конституциялық Соттың 10 судьясы;
-
Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесі;
-
Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесі.
Бұл тізім қазіргі Парламент өкілеттігінен әлдеқайда көп, демек заң шығарушы органның мемлекетті басқарудағы рөлі арта түспек.
Саясаттанушы Парламентті тарату тетіктерін неғұрлым «икемді» етуді ұсынды. Ол 46-шы және 62-баптардағы «таратады» деген үзілді-кесілді тұжырымды «таратуға құқылы» деген сөзбен алмастыру қажеттігін алға тартты. Марат Шибұтовтың пайымдауынша, бұл өзгеріс саяси жүйенің дағдарысқа төзімділігін арттырып, Президент пен Парламент арасындағы диалогқа мүмкіндік береді.
Марат Шибұтов Конституция жобасын әзірлеу барысының өте ашық әрі әділ өткенін атап өтті. Комиссия ішіндегі талқылаулар кейде «ыңғайсыз» болғанымен, бұл нағыз демократиялық үдерістің белгісі екенін жеткізді.
«Бұл күрделі, бірақ адал үдеріс болды. Нәтижесінде түрлі сала сарапшыларының бірлескен еңбегі, әртүрлі тәжірибе мен дүниетанымның нәтижесі болып табылатын жоба дүниеге келді. Сондықтан Ата Заң жобасы жалпыхалықтық дауыс беруге шығаруға дайын», – деп түйіндеді саясаттанушы.
Бұл реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын іс жүзінде жүзеге асырудың маңызды қадамы болмақ.





