Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтен тәркіленген бағалы заттардың бір бөлігі электронды аукцион арқылы сатылды.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Компания Мәсімовтің жеке үйінен табылған он түрлі бағалы бұйымды екінші рет саудаға шығарған. Бұған дейін, 16 қыркүйекте өткен алғашқы аукционда бұл заттарға сатып алушылар табылмаған еді.
Электронды сауда 7 қазан күні өткен. Жалпы құны 3,5 миллион теңгеден асатын бұйымдардың жетеуі жаңа иелерін тапты.
Сатылған бұйымдардың тізімі:
- Сатылған бұйымдардың тізімі:
- Montegrappa Italia маркалы күміс (925 сынама) жазу қаламы – 440 000 теңгеге;
- Visconti Firenze қаламы (Құран сүрелерімен безендірілген) – 402 000 теңгеге;
- Сабы сүйектен жасалған қылыш – 930 000 теңгеге;
- Сары металдан жасалған өрнекті қылыш – 837 000 теңгеге;
- Болат қанжар қынымен бірге – 185 000 теңгеге;
- «Алма отаны», «Астана», «Бәйтерек» және «Қазақстан картасы» атты коллекциялық монеталар жиынтығы – 199 000 теңге шамасында;
- «Қазақстан елтаңбасы» (2003 ж., 1000 теңге) және «Еуразия елдерінің астаналары» (2008 ж., 500 теңге) атты екі монета – 82 999 теңгеге өтті.
Аталған бұйымдардың тарихи және коллекциялық құндылығы бар екені атап өтілді. Сауда ашық форматта электронды алаңда өтті.
Айта кетейік, Кәрім Мәсімов 2022 жылы мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен 18 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оған қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалып, оның мүлкі тәркіленіп, мемлекет пайдасына қайтарылған.





