Енді Қазақстанда жұмыс істемейтін әкелердің декреттік демалысы зейнетақы тағайындау кезінде есепке алынады. Бұл норма Парламент Мәжілісінде екінші оқылымда қабылданған «Кейбір заңнамалық актілерге қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда көзделген, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Azattyq Rýhy дерегіне сүйеніп.
Заңға сәйкес, жұмыс істемеген әкелердің кәмелетке толмаған баланы күтіп-баққан уақыты зейнетақыны есептеу барысында олардың еңбек өтіліне қосылады. Аталған өзгеріс Конституциялық соттың шешімін орындау мақсатында Әлеуметтік кодекске енгізіледі.
Сонымен қатар депутаттардың ұсынысымен жалғыз өзі бала тәрбиелеп отырған ата-аналарды, жынысына қарамастан, жұмыстан шығаруға тыйым салынады. Осыған байланысты заңнамадағы «жалғызбасты аналар» деген ұғым «жалғызбасты ата-ана» деп өзгертіледі.
Бұдан бөлек, мәслихаттарға «Облыстың, қаланың немесе ауданның Құрметті азаматы» атағын беру тәртібін әзірлеу және бекіту құқығы беріледі.





