Мәжілісте депутат Ардақ Назаровтың анасына туған күнімен құттықтау айтқан әрекетіне қатысты түсініктеме берілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауапта төменгі палата Назаровтың әрекетінен регламент пен депутаттық этика нормаларын бұзу белгілері байқалмағанын мәлімдеді.
«2025 жылғы 10 қыркүйекте Мәжілістің пленарлық отырысында депутаттық сауал жариялау кезінде депутат Назаров А.К.-ның анасын құттықтауына қатысты айтар болсақ, Парламент пен Мәжіліс регламентінің нормаларын, соның ішінде депутаттық этика ережелерін тікелей бұзу фактілері байқалмайды», – делінген ресми жауапта.
Мәжіліс өкілдерінің айтуынша, аталған құттықтау «пленарлық отырыстың өту барысына әсер етпеген және әдепті түрде жасалған». Осыдан келіп шығатыны – депутаттарға аналарын трибунадан құттықтауға болады. Бастысы – Назаров секілді «әдепті түрде» жеткізу.
Сонымен бірге Мәжіліс трибунаны тек өзінің тікелей мақсатына сәйкес пайдалану керектігін еске салды.





