«Дөңгелек үстелдің» негізгі тақырыбы биылғы 14 шілдеде Президент қол қойған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы Заңға енгізілген өзгерістер болды. Талқылау барысында келесі жылдан бастап жұмыс істей бастайтын медициналық көмектің бірыңғай базалық пакетін енгізуге ерекше назар аударылды.
Жаңа тәсіл – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арасындағы қайталанатын медициналық қызметтерді жою, скринингтік тексерулерге және әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте диагностикалауға қолжетімділікті кеңейту, медициналық көмек көрсетудегі ашықтықты арттыруды қамтыды.
Сонымен бірге қатысушылар жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету шараларын талқылады. Соның ішінде 2026 жылдан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін жоғарғы шекті ұлғайту, уақытша қиындықтар кезінде сақтандыру мәртебесін сақтау мерзімін 6 айға дейін ұзарту, жүйеге жергілікті бюджет қаражаты есебінен тағы 1 миллионға жуық әлеуметтік осал азаматтарды қосу мәселесіне назар аударылды.
Сондай-ақ, өңірде медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттырудың өзектілігі сөз етілді. «Дөңгелек үстел» қор филиалы, медициналық сектор және кәсіпкерлік қоғамдастық арасындағы ашық диалог үшін маңызды алаңға айналды.
А. ЫБЫРАЙ





