Аталған акцияның басты мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қараусыз қалған балаларды жаңа оқу жылына дайындап, олардың әлеуметтік себептермен мектепке бара алмай қалуының алдын алу.
Талдықорған қаласы әкімдігінің мәліметінше, бүгінде Жетісу облысының орталығында жалпы әлеуметтік осал топқа жататын 5 647 оқушы бар. Оларды қолдау үшін жалпыға бірдей білім беру қорынан әр балаға 46 228 теңгеден қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек, қосымша көмекке мұқтаж 2 мыңнан астам бала мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі.
– Қазіргі «Мектепке жол» респубикалық акциясы аясындағы игі істерге облыстық басқармалар, жергілікті кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары, «Каспий банк», «Халық банк», «Қазақтелеком», «Қазпошта», төтенше жағдайлар және қорғаныс істері басқармалары, сондай-ақ мектеп ұжымдары ат салысып, өз үлестерін қосуда. Сонымен бірге Талдықорғандағы Назарбаев даңғылы мен Біржан сал көшесінің қиылысында «Мектеп жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, тұрғындарға мектеп формасы мен кеңсе тауарлары қолжетімді бағамен ұсынылуда,– дейді сала жауаптылары.
Ал аймақ тұрғындарының айтуынша, бүгінде мұндай қайырымдылық шаралары жұртқа ауадай қажет. Себебі, қазір елде жанар-жағар майдан бастап зат бағасы жаппай шарықтап, халықты қымбатшылық қысып барады. Кейбір адамдардың күнкөрісі тіптен мүшкіл. Олардың бірнеше балаға киім-кешек сатып алып беруін айтпағанда күнделікті азық-түлік алуға жағдайы жоқ. Сондықтан қолында бар азаматтар мұқтаж адамдарға көмектессе, үкімет күн санап өсіп бара жатқан бензин мен зат бағасын реттесе нұр үстіне нұр болар еді.
Айдын КӘЛІМХАН





