Тәуелсіз Қазақстанның басты байлығы – бейбіт өмір сүріп жатқан көпұлтты халқы, ортақ шаңырақ астында біріктірген мемлекеттік тілі мен әрбір азаматтың адал еңбегі. Осы құндылықтарды дәріптеу мақсатында мектебімізде «Тіл мен еңбек – ұлтты ұлықтайтын қос қазына» атты онкүндік ұйымдастырылды.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының аясында іске асырылып, жас ұрпақ бойында рухани құндылықтар мен еңбекке деген құрметті қалыптастыруды көздеген онкүндікте оқушыларды тілге деген сүйіспеншілігін арттыруға, еңбекке баулу, әр ұлттың мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарауға шақырдық. «Тіл – достықтың діңгегі» тақырыбындағы ашық тәрбие сағаттарында оқушылар тіл туралы нақыл сөздермен ой бөлісіп, мемлекеттік тілдің маңызын талқылады. «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты әдеби-музыкалық кеште ән-жыр, өлең, сахналық қойылымдар арқылы қазақ тілінің асыл қазына екендігі айшықталды. Шығармашылық байқауларда эссе, сурет, көрме жұмыстары ұйымдастырылып, балалар еңбектің адам өміріндегі орны мен тілдің құндылығын суреттеп жеткізді. Сондай-ақ «Еңбек – елдің ертеңі» ұранымен еңбекке баулу акциясы өтіп, оқушылар мектеп ауласын көгалдандыруға атсалысты. Ұлттық ойындар мен дәстүрлер күнінде әр ұлт өкілдерінің мәдени мұрасы таныстырылды.
Бұл онкүндіктің тәрбиелік мәні зор болды. Оқушылар тек тіл мерекесін атап қана қоймай, адал еңбек пен шынайы достықтың қадірін ұғынды.
Мемлекеттік тіл – елдіктің белгісі болса, еңбек – өркендеудің кепілі екендігі балалар түсінді. «Адал азамат» бағдарламасына сәйкес әрбір іс-шара жас ұрпақтың адамгершілік қасиеттерін арттырып, елжандылық сезімін оятатыны сөзсіз. Ұрпаққа осы құндылықтарды дәріптеу – біздің басты міндетіміз. Алдағы уақытта да мектеп ұжымы жас буынды еңбекқорлыққа, ізгілікке, тілге және ұлттық мәдениетке құрметпен қарауға тәрбиелеуді жалғастыра бермек.
Ж. БЕЙСЕНБАЕВА,
Қызыларық орта мектебі директорының тәрбиеісі жөніндегі орынбасары
Көксу ауданы





