Бүгін Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерді құттықтап, Мұғалім күні барша қоғамды біріктіретін қастерлі мерекеге айналғанын атап өтті.
Президент ұстазды ұлықтау өркениетті қоғамның болмысын айқындайтынын жеткізді. Абай мен Мұхтар Әуезовтің сөздерін мысалға келтірген Мемлекет басшысы ақпараттар ағыны күшейген заманда мұғалім рөлі әлдеқайда артқанын айрықша атап өтті.
Елімізде ұстаздар қауымын жан-жақты қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, Педагог мәртебесі туралы арнайы заң қабылданып, мемлекеттік марапаттар тізіміне Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы атағы енгізілді. Бірнеше мұғалім ең жоғары мемлекеттік награда – Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болды. Сонымен қатар 5 қазан күні Ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде ресми бекітіліп, жыл сайын барлық аймақта ерекше құрмет көрсетіліп жүр. Бұл бағыттағы игі істер алдағы уақытта да өз жалғасын табады.





