Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңындағы салтанатты жиында президент ұлтымыздың болмыс-бітімін сақтауға, халқымыздың руханиятын байытуға зор үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
«Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр. Талантты музыканттарымыз әлемдік сахналарда табысты өнер көрсетіп жүр», — деді мемлекет басшысы.
«Театр – руханиятымыздың негізгі тірегінің бірі. Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында аймақтағы театрларды дамыту туралы нақты тапсырма берілді. Театрлардың көпшілігі толық жаңғыртуды қажет етеді. Кейбіріне жаңа ғимарат керек. Осы жұмысқа кәсіпкерлер мен меценаттарды жұмылдырған абзал. Бұл – әлемде кең таралған тәжірибе. Мұндай жобаларға инвестиция салуға дайын азаматтар аз емес. Мен бизнес өкілдерін руханиятымызды дамыту ісіне атсалысуға шақырамын», – деді мемлекет басшысы.