Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу кезінде азаматтардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Департамент өз құзыреті шеңберінде бұзушылықтарды анықтау және жою бойынша шаралар қабылдайды, сондай-ақ мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнама талаптарын сақтауына бақылау жүргізеді.
Заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында Департамент тұрақты негізде бақылау іс-шараларын жүргізеді. Олардың барысында мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдері мен тәртібінің сақталуы, өтініштердің уақтылы тіркелуі, сондай-ақ қабылданатын шешімдердің заңдылығы мен негізділігі бағаланады.
Бақылау іс-шараларының нәтижелері мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде жекелеген бұзушылықтардың орын алатынын көрсетті. Олардың қатарында негізсіз бас тарту, өтініштерді қарау мерзімдерін бұзу, өтініштердің тиісті түрде тіркелмеуі және қабылданған шешімдердің жеткілікті дәрежеде уәжделмеуі бар.
Бұл ретте Департаменттің бақылау қызметі бұзушылықтарды анықтауға ғана емес, ең алдымен азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған. Мәселен, ағымдағы жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша Департамент қабылдаған шаралардың нәтижесінде 90-нан астам қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Атап айтқанда, «Жеке тұлғаларға азаматтық қаруды және оған патрондарды сатып алуға рұқсат беру» және «Балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау үшін құжаттарды қабылдау және есепке алу» мемлекеттік қызметтерін көрсету кезінде өтініштердің тіркелмеу фактілері анықталды. Департаменттің араласуынан кейін тиісті мемлекеттік қызметтер азаматтарға толық көлемде көрсетілді.
Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға ішкі бақылауды күшейтуге, белгіленген мерзімдерді қатаң сақтауға және мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыруға бағытталған ұсынымдар да жолданды.
Департамент бұзушылықтардың алдын алу, заңдылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.
Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде құқықтары бұзылған азаматтар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментіне мына мекенжай бойынша жүгіне алады: Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Н. Назарбаев даңғылы, 75.
Ж.Д.КАЛЬПЕБАВА
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Жетісу облысы бойынша департаментінің
Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы





