Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білмеуіне қатысты сұрақтар қойды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Отырыста депутат Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевқа мынадай мәселені айтты:
«Екі жыл бұрын мемлекеттік қызметкер саны 89 мың деп айтылған еді. Қазір оны дөңгелектеп 100 мың деп алайық. Бұл 20 миллион халықтың 0,5 пайызы ғана. Сол 100 мың қызметкердің 90 пайызы қазақтар. Егер олардың 10-15 пайызы мемлекеттік тілді білмесе, бұл жалпы халыққа қарағанда аз көрсеткіш. Мемлекеттік қызметке кіргенде Qaztest тапсырғанда қазақ тілінен сұрақ бар, бірақ оған балл қойғанда 0 қойылады. Қазақ елінде мемлекеттік тілдің балы қашан 0 болмайды? Бұл мәселе қашан шешіледі?»
Депутат сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгеру міндеті ең алдымен мемлекеттік қызметкерлерге жүктелуі керек деп атап өтті:
«Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтары үшін мемлекеттік тілді білу парыз және міндет деп айтты. Бұл міндет ең алдымен мемлекеттік қызметкерлерден басталмай ма?»
Дархан Жазықбаев жауап ретінде мәселенің екінші оқылымға дейін қаралатынын айтты және мемлекеттік қызметкерлердің бәрі қазақ тілін білуі міндетті екенін қысқаша қайталады.
Сонымен қатар, депутат Самат Мұсабаев те агенттік төрағасына сұрақ жолдап, нақты талаптардың қашан енгізілетініне назар аударды:
«Мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін меңгеруді міндеттеуге қашан нақты талап қойылады?»
Дархан Жазықбаев бұл сұраққа да мемлекеттік қызметшілердің барлығы мемлекеттік тілді білуі міндетті деп қысқа жауап қайырды.





