Ұстаз тұла бойындағы сарқылмас бар білімін, ерік-жігерін шәкірт бойына бере білетін, мейірбан жан. Оның қадіріне жету, сыйлап, құрмет көрсету оқушының міндеті. Қолыма қылқалам ұстатып, сурет өнерінің қыр-сырымен таныстырған бейнелеу пәнінің мұғаліміне айтар алғысым шексіз.
Мұғалім бар сүйіспеншілігі мен жұмысына деген ықыласының арқасында шәкіртінің шамшырағын жаға алатын жалғыз тұлға. Оның берген өлшеусіз білімі тәлімін алған жанға өмірлік азық болары сөзсіз. Оқушының қабілетіне қарай оң жолға бағыт сілтеуші жанашыр.
Менің ұстазым Мақпал Нұрболатова өте мейірбан, жан дүниесі ізгілікке толы ерекше жан. Ол маған әуел бастан сабақ беріп, бейнелеу өнеріне деген құлшынысымды оятты. Түрлі жанрда сурет салуыма ықпал етті. Қылқаламмен жұмыс істетіп, әртүрлі түстегі бояуларды тануға, оларды орнымен пайдалануға баулыды.
Мұғалімімнің себепкерлігімен салған суреттерім көптеген додаларда топ жарды. Мені жеңіс тұғырынан көрсетті. Көптеген тақырыпта суреттер салдым. Солардың ішінде өзіме қатты ұнайтыны «Күлтегін жазбасы», «Қазақтың қара домбырасы», «Табиғатым – махаббатым» тақырыбында салынған суреттер.
Ұстазсыз шәкірт тұл болмақ. Кім қандай биікті бағындырса оның артында кемеңгер ұстазы тұрғанын ұмытпауымыз керек. Тәлімі терең, үйретері мол жанашырларымыздың еңбегі елене берсін.
Әдемі АЗЫМХАН,
Күреңбел қазақ орта мектебінің 9 «В» сынып оқушысы