Кезекті қоғамдық қабылдау өткізген облыс әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындармен жұртшылықтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты қойған сауалына жауап берді. Қабылдауға кірген 3 адамның екеуі тұрғын үй мәселесін көтерді.
Қабылдауға алғаш болып кірген Сарқан ауданының тұрғыны Еркеш Дінисламова қызы Гүлжаухарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй берілсе деген өтінішпен келіпті.
– Сіз маған хат жазғансыз. Осыған орай мен аудан әкіміне тапсырма бердім. Мамыр айында екіқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталған соң сізге баспана беретінін айтты. Екі ай шыдасаңыз 2 бөлмелі баспананың кілтін аласыз, – деді облыс басшысы.
Алакөл ауданының тұрғыны Өрік Отунчиева мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген үйді жекешелендіріп берсе деген өтініш айтты.
Аудан әкімдігі тарапынан тұрғын үй кезегінде тұрған Ө. Отунчиеваға Үшарал қаласы, М. Әуезов көшесінен 2 бөлмелі пәтер берген. Алайда өтініш иесі аталған пәтерден бас тартқан. Былтыр Өрік Ермұханқызына Үшарал қаласы, М. Әуезов көшесі, 97-үй, 5-пәтер мекенжайы бойынша 1 бөлмелі жалдамалы тұрғын үй ұсынылған. Бірақ, өтініш иесі 2 бөлмелі пәтер керек деп 1 бөлмелі пәтерден бас тартыпты. Желтоқсан айында Алакөл ауданының тұрғыны үй кезегі бойынша 1 бөлмелі пәтерді жалдау шартына қол қойыпты. Енді тұрғын ай сайын пәтерге төлейтін 5000 теңге көлеміндегі ақшаны төлей алмайтынын айтып, үйді тегін жекешелендіріп беруді сұрады. Аймақ басшысы тұрғын үй мәселесі тек заң аясында шешілетінін айтып, жекешелендірудің жолын түсіндіріп берді.
– Сіз жекешелендіруге арыз жазыңыз. Бөліп төлеуге шамаңыз жетпесе, 3-4 жыл күтсеңіз үйдің жалпы қалдық сомасы азаяды. Сол кезде жекешелендіріп аласыз. Алайда үй тегін берілмейді, – деді Бейбіт Өксікбайұлы.
Талдықорған қаласының тұрғыны Гүлстан Абдуллаева II топтағы мүгедек қызының еміне қаржы сұрап келіпті.
– Екінші қызым есін жоғалтып алады. Апта сайын реанимацияға түсеміз. Қызымды шетелге қаратып емдегім келеді. Бізге қаржылай көмек көрсетсеңіздер, – деді Гүлстан Исақызы.
Бірінші қызы ауырғанда өтініш иесіне демеушілер мен қайырымдылық қорлардан 13 млн. теңгеден астам қаржы берілген.
– Біз сіздің жағдайыңызды түсініп, шамамыз келгенше көмектесіп жатырмыз. Тағы да қайырымдылық қорларға өтініш беріп, жәрдемдесеміз, – деді аймақ басшысы.
Қоғамдық қабылдауда түрлі өтініштерге куә боламыз. Бірі шын жаны қысылғаннан өтінішпен келсе, екіншісі үй беріңдер деп талап етіп жатады. Көздеген мақсатына жету үшін түрлі жағдайды алға тартып, тырысып бағады. Осындай сан түрлі оқиғаны көргенде «өтініш иесі шынымен мұқтаж ба?» деген ой келеді. Мәселен Сарқан ауданының тұрғыны көпбалалы ана Бейбіт Исабаевқа қираған үйде тұратынын айтып, көз жасын төккені әлі есімізде. Облыс әкімі мен атымтай жомарт жандар көпбалалы анаға жанашырлық танытып кең баспана алып берген. Алайда ол әрең қол жеткізген баспанасын сатып, өзге облысқа қоныс аударған. Осындай әрекеттердің кесірінен облыс әкімінің алдына келіп отырған азаматтарға күмәнмен қарайтынымыз анық.
Айдар ҚАЛИЕВ
Фото:





