VIII шақырылымдағы Талдықорған қалалық мәслихаты депутаттарының облыс орталығын абаттандыру, көгалдандыру және 2024-2025 жылдарға арналған жаңа жылу маусымына дайындық мәселелері бойынша көшпелі жиыны өтті.
Халық қалаулылары орталық саябақта, Қаратал өзенінің жағалауында, Н. Алдабергенов пен І. Жансүгіров көшелерінің қиылысындағы Басқуат жылу желісінің екі учаскесінде, №12 балабақшада жоғарыда аталған жұмыстардың орындалу барысымен танысты. Өтенай, «Жұлдыз» әскери қалашығы, «Шығыс» шағынауданы тұрғындарымен жолығып, толғандырған мәселелерді талқылады.
Қалалық мәслихаттың кезекті 14 сессиясында Талдықорған қаласының бюджеті бекітілгенде абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның 134,4 миллион теңгесі «Елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету» бағдарламасына арналған. Бірақ бұл жұмыс жоғары деңгейде атқарылмағаны анық. Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру үшін бюджеттен 1821,9 миллион теңге, арық желілерін жөндеп, тазартуға 315,0 миллион теңге қарастырылған. Бұл жұмыс жүйелі атқарылуда.
Жылыту маусымына дайындықтың маңыздылығын ескере отырып, Талдықорған қалалық мәслихатының VIII шақырылымының депутаттары Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына ұсыныс сауал жолдаған. Облыс орталығының оңтүстік-батыс тұрғын алқабында табиғи газды пайдаланатын жаңа қазандық салуға республикалық бюджеттен қаражат бөлуге ұсыныс білдірген. Алдағы уақытта жұмыс жоспар бойынша жүзеге асатын болады. Жуырда бұл аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары 5 жыл бойы осымен айналысатын «Талдықорған Көркейту» ЖШС-не тапсырылды. Бұл туралы Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Алмас Барлыбеков мәлімдеді.
Қаратал өзенінің жағалауында қалалық мәслихат депутаттары абаттандыру жұмыстарынан кеткен кемшіліктерді анықтады. Балалардың ойын алаңдарын жаңарту қажеттігі айтылды. Әсіресе, «Шығыс» ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің ауласында балалар ойнайтын алаңның тозығы әбден жеткенін көзбен көрдік. Қалалық мәслихат депутаты Мұхтар Ерденов «Жұлдыз» ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрғындардың басқосуын ұйымдастырды. 2020 жылдан бастап тұрғындар аула ішінің жолын жөндеуді талап етуде. Халық өкілі өз округтері бойынша сайлаушыларының талабын жауапты сала мамандарына жолдаған. Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Алмас Барлыбеков тұрғын үйдің ауласына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын атап өтті. Бірақ кейін «Жұлдыз» шағынауданын түгелдей күрделі жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Қазір дайындалып жатқан жоба 2025 жылы жүзеге аса бастайды. Демек, тұрғындардың 2020 жылдан бергі өтініші 2025 жылы орындалуы мүмкін. Сондықтан сенімсіздікке бой алдырған тұрғындар істің соңына жетуі үшін БАҚ өкілдеріне жүгінді.
VIII шақырылымдағы Талдықорған қалалық мәслихатының депутаттары әр учаскені аралап, кеткен кемшіліктерді көрсетіп, олардың жойылуын талап етті.
Еңлік КЕНЕБАЙ