Елімізде педагогтердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында ауқымды шаралар атқарылып келеді. Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарында 600 мыңға жуық маман еңбек етіп жатыр, ал олардың құқықтарын қорғау мен қолдау жүйесі жыл сайын нығайтылуда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың арқасында соңғы жылдары ұстаздардың жалақысы екі есеге өсті. Сонымен қатар ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтердің еңбекақысы қаладағы әріптестерінен кемінде 25% пайызға жоғары белгіленген. Бұдан бөлек, артық әкімшілік жүктемені азайту бағытында маңызды қадамдар жасалып, мамандардың өз уақытын тек оқушылармен жұмысқа жұмсауына жағдай жасалуда.
Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстар да қарқынды жүргізіліп жатыр. Соңғы жеті жылда салаға 6 трлн теңгеден астам қаржы бағытталды. Нәтижесінде 1 миллионнан астам оқушы орнына арналған 1120 мектеп салынды, ал ауылдық өңірлерде 5 мыңнан астам мектептің материалдық-техникалық базасы толық жаңартылды.
Заманауи үрдістерден қалыспау мақсатында жасанды интеллект бағыты да белсенді түрде енгізілуде. Қазірдің өзінде 340 мыңнан астам ұстаз жаңа технологияларды қолдану бойынша арнайы оқудан өтіп, өз біліктілігін арттырды.





