Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың шиеленісуі әлемдік мұнай нарығына тікелей әсер етіп, бағаның құбылуына әкелді. Осы орайда Қазақстанның Энергетика министрлігі ішкі нарықтағы жағдай мен экспорттық табыстарға қатысты ресми ұстанымын білдірді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешевтің айтуынша, қазіргі уақытта мұнай бағасына қатысты нақты болжам жасау мүмкін емес. Әлемдік конъюнктура күн сайын өзгеріп отырғандықтан, министрлік халықаралық сараптамалық агенттіктермен бірлесе отырып, тұрақты мониторинг жүргізуде.
Министрліктің басты назарында келесі міндеттер тұр:
-
Ішкі нарықты жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ету;
-
Мұнай өндіру жоспарын бұлжытпай орындау;
-
Экспорттық бағыттарды әртараптандыру және дамыту;
-
Ел ішіндегі мұнай өңдеу зауыттарының үздіксіз жұмысын қадағалау.
Қазіргі таңда Энергетика министрлігі Ұлттық банк пен Экономика министрлігімен бірлесіп, сыртқы факторлардың ел экономикасына әсерін есептеп жатыр.
Көпшілікті мазалайтын сауалдың бірі – мұнай қымбаттағанда еліміз қанша пайда көреді? Вице-министр бұл мәселенің де өз ерекшелігі бар екенін түсіндірді. Қазақстандық мұнай экспорты көбіне қысқа мерзімді «спот» нарығында емес, орта және ұзақ мерзімді келісімшарттар негізінде сатылады.
«Мұнай бағасының күрт өсуі қазынаға түсетін табысқа бірден әсер ете қоймайды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай баға өсімінің нақты нәтижесі мен оң әсері шамамен 6 айдан кейін ғана байқалады», – деді Санжар Жаркешев.
Бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер мен саяси мәлімдемелерден кейін әлемдік нарықта мұнай бағасының біраз төмендегені байқалған еді. Дегенмен, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық факторлары әлі де сақталып отыр.
Еліміздің энергетика саласына жауапты мамандар жағдайды жіті бақылап, ішкі нарықта бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін барлық шараларды қолданатынын жеткізді.





