Қазақ поэзиясының мұзбалақ жыршысы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Мен сені сағынғанда» атты поэзия кеші өтті.
Рухани жиынның мақсаты – Мұқағали поэзиясының тереңдігін жас ұрпақ санасына сіңіру, ақын мұрасын кеңінен насихаттау, қазақ өлеңінің көркемдік қуатын дәріптеу. Махаббат, адамгершілік, туған жерге деген сағыныш секілді мәңгілік тақырыптар арқау болады.
Әдеби-сазды кешке өңірдің ақын-жазушылары, зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Бағдарламада оқушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, ұстаздар жатқа жыр жолдарын ұсынды, сондай-ақ Мұқағали сөзіне жазылған әндер шырқалды.
Ашылу салтанатында облыстық білім беруді дамыту оқу әдістемелік орталығының директоры Ғалия Жолтайқызы құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ Қазақстанның Құрметті жазушысы Нүсіпбай Әбдырахым, Құрметті журналист Жұмахмет Жайлаубаев, «Жетісу» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы, Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалының директоры, ақын Жангелді Немеребай Мұқағали мұрасының мәні жайлы ой бөлісті.
«Жетісу-Ақпарат»





