Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда17 азаматқа жаңа баспана кілті табысталды. Қаланың «Шығыс» шағын ауданында салынған бұл үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы адамдарға үлестірілді.
Жаңа қоныс иелерін жүрекжарды қуанышымен құттықтаған Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков ізгі тілегін жеткізіп, пәтер кілттерін табыс етті.
Жеңіс Саятбекұлының сөзінше, бүгінде Талдықорған қаласы бойынша 15 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Осыған байланысты әр жылы аймақта 2 мыңнан астам адамды баспанамен қамту жоспарланған. Ал, бүгінгі пәтер кілттері 5 жетім балаға, 4 мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші отбасыға, 3 көпбалалы анаға, 2 толық емес отбасына және 2 Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматқа, сондай-ақ, әскери қызметін орындау кезінде қайтыс болған бір отбасына табыс етілді.
– «Бүгін біз көптен күткен пәтерімізді алып, риза болып жатырмыз. Мен өзім мүгедектігі бар бала тәрбиелеуші отбасы ретінде кезекте тұрғаныма 10 жылдан асты. Бүгін міне сарыла күткен күнге де жеттік, рақмет. Шынымен халықтың жағдайына аса көңіл бөліп жатқан облыс және қала басшылыларына аналық алғысымды айтамын», — дейді жаңа қоныс иелері атынан сөз алған Альмира Закарьянова.
Айдын КӘЛІМХАН





