Биыл Халық сүретшісі Әбілхан Қастеевтің туғанына – 120 жыл. Қазақ халқының бейнелеу өнеріндегі көшбасшысы атанған тума талантың мерейтойын лайықты дәрежеде атап өту бағытында облыста бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Солардың қатарында облыс орталығында Әбілхан Қастеев ескерткішін орнату, Жаркент қаласындағы «Ә. Қастеев көркемсурет галереясының» ғимаратын ағымдағы жөндеуден өткізу және Жаркент өңіріндегі Алтыүй ауылындағы Әбілхан Қастеев атындағы орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу болатын. Бұл жұмыстардың бәрі ойға алған межеде сапалы жүзеге асырылды.
Өткен аптада Талдықорған қаласындағы облыстық Көркемсурет галереясының алдындағы алаңға қойылған сүретшінің ескерткішін салтанатты жағдайда мерекелік шара өтті. Суретшінің 100 жылдық тойы үстінде ашылған Жаркент қаласындағы «Ә. Қастеев көркемсүрет галереясының» жұмыс жасағанына 20 жылдың жүзі болыпты. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын бөренелерден қиюластырып салынған көне ғимараттың соңғы жылдары кенеуі кетіп, сыртқы қабырғасының сыры қабыршықтанып аршылып, жөндеу жұмыстарын тілеп тұрған. Әбекеңнің 120 жылдық тойы қарсаңында бұл ғимаратты да ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өткізу үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, тоза бастаған мәдениет ошағы жаңартылды. Алтыүй ауылындағы суретші атындағы орта мектеп ғимараты күрделі жөндеуден сапалы өткізіліп, жаңа оқу жылының алғашқы күні пайдалануға берілді.
Осыған орай жаңартылған «Әбілхан Қастеев көркемсурет» галереясының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шара жаңартылған ғимараттың лентасын қию және галерея алдындағы Халық суретшісі Әбілхан Қастеев бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімімен бастау алды. Жиында аудан әкімі Марат Сағымбек сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын мерейтоймен құттықтады. Сонымен қатар аудан басшысы осы мерейтой аясында ауданда атқарылған бірқатар игілікті шараларға тоқталды. Жиындға арнайы келген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов, суретшілер академиясының вице президенті, облыстық мәслихаттың депутаты, Қазақстан суретшілер одағы Жетісу облыстық филиялының төрағасы Ермұқа Жүнісхан өңір жұртын мерейлі мерекемен құттықтады.
Жиынан соң жұртшылық мерейтой үстінде жаңартылған галереяның ішіне кіріп, жергілікті суретшілердің мерейтойға арнап салған картиналарын тамашалады. Ал алыс-жақыннан жиналған суретшілер қауымы мерейтойға арналған планерлық жұмыстар жасау үшін суретшінің кіндік қаны тамған Шежін ауылына аттанды.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы





