ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің «Қорғас» шекаралық бақылау басқармасына қарасты «Нұр жолы» (жүктік) шекаралық бақылау бөлімшесінде жеке құрам арасында түсіндіру және алдын алу жұмыстары ұйымдастырылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарат порталы.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қызметтік тәртіпті нығайту, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтарға жол бермеу. Кездесу барысында әскери қызметшілерге қолданыстағы заңнама талаптары, қызметтік әдеп нормалары, сондай-ақ тәртіптік жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.
Сонымен қатар, жеке құрамға қызмет барысында заңдылық пен ашықтық қағидаттарын сақтау, азаматтармен қарым-қатынаста кәсіби этиканы ұстану қажеттігі айтылды. Мұндай профилактикалық шаралар бөлімшелердегі тәртіп деңгейін арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Департамент тарапынан осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.





