Жетісу облысында көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін облыстық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 96%-ға жетеді. Бұл көрсеткіш республика бойынша ең жоғары деңгейлердің қатарына кіреді. Әсіресе Ақсу ауданында жол инфрақұрылымының сапасы айтарлықтай жақсарды. Бұл туралы аудан тұрғындарымен өткен кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді.
Аймақта Талдықорған – Үштөбе аралығындағы 40-42 километрлік және Ақсу – Жаңалық бағытындағы 22 километрлік автожолдарға жөндеу жүргізіліп аяқталды. Жансүгіров – Матай бағытынан Ақсуға дейінгі учаскеде 30 километрлік жолға толық асфальт төселді. Сонымен қатар Ақсу – Ойтөған және Ақсу – Қарақөз бағыттарындағы жұмыстар жалғасуда, аталған жобалар келесі жылы толық аяқталады. Жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге де баса назар аударылуда, мысалы, Жансүгіров ауылында биыл 9 көше жөнделді.
Өткен кезеңде Егінсу мен Алтынарық ауылдарына апаратын кіреберіс жолдарға, сондай-ақ Алматы – Өскемен трассасынан Қапал ауылына дейінгі 26 километрлік учаскеге жөндеу жұмыстары жасалды. Сонымен қатар Алматы – Өскемен республикалық маңызы бар автожолының Жетісу облысы шекарасынан Талдықорғанға дейінгі бөлігінде және қаланың айналма жолдарында жалпы ұзындығы 159 километрді құрайтын орташа және күрделі жөндеу жобалары іске асырылуда. Бүгінгі таңда 103 километр аумақта жұмыстар аяқталып, қалған бөліктері келесі жылы жалғасады. Сапалы жолдар өңірдің экономикалық әлеуетін көтеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.





