Кешегіңе қарап, ертеңінді ойлайсың. Ал бүгінге бет бұрсаң, көп нәрсеке көңіл толмайды. Үлкендерден «біздің кезімізде…» деп басталатын әңгімені өзіміз де айтып жүрміз. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылы өмірге келген біздің балалық тоқырау кезеңге тұспа-тұс келді. Ауылда шаң мен топырақ жұтып, балшықтан үй жасап, омбы қарды кешіп өсіп едік. Ағаштан ат ертеп, жапырақтан ләңгі теуіп, «Көксерек», «Қуаласпақ», «Тышқан мен мысық», «Лапта» сынды ойынды ермек етіп, қала берді асық ату мен резеңкеден секіруді әдет қылдық. Қазіргілер ше?
Молшылық. Бәрі қолжетімді. Қалағаныңның бәрі алдыңда. Қаржың жетпесе, қарызға да аласың. Ата-ана атанғалы үйімізге бала былдыры мен бірге ойыншық сылдыры енді. Өтірік айтпасам, кемі бір мөшек ойыншық бар шығар. Қадағаламасаң, оның өзі шаң басып қалады. Неге десеңіз, телефон, телвизор, тик-ток, ютуб деген нәрселер бүлдіршіннің ажырамас бөлігіне айналды. Біз, жарайды, жылатып болса да тартып алып, далаға сүйрейміз. «Тыныш отырса болды» деп әдейілеп сол нерселерді беріп қоятындар ше? Бала болашағына өз қолымен балта шауып жатқанын біле ме екен? Өз баласы болса жарайды, бұл жерде елдің болашағы тұр емес пе? Осындайда «біздің кезіміз жақсы еді ғой» деп ойлайсың. Шынымен жалақ аяқ дала кезсең де, бастаудың суына шомылып қайтсаң да, өзенен балық ауласаң да «басым ауырды, балтырым сыздады» демедік. Керісінше, шынығып, шымыр болдық. Қазір телефоннан бас алмағандар дәрігердің есігін торуылдап, жасына жетпей көзәйнек тағады. Тик-токка телміргендердің тілі кеш шығып, ойлау жүйесінде де ауытқу бар. Қит етсе болды, ашуға булығып, жағаңа жармасады. Ертең өкінбес үшін, олқылықтың орынын бүгін басу керек.
Қазір қанша жерден жаһандану дәуірі десек те, ұрпақ тәрбиесі отбасылық шеңберден шығып, мемлекеттік қауіпсіздік пен ұлттық кодты сақтау мәселесіне айналды. Бабаларымыз «Бесігіңді түзе» деп бекер айтпаған екен ғой. Сол бесіктегі сәбидің ертең кім болып өсетіні, ел тізгінін ұстар азаматқа айналуы бүгін оның қолына ұстатқан қарапайым ойыншыққа тікелей байланысты. Ал ойыншық таңдау – дүкендегі сауда ғана емес, баланың тағдырына, қала берді елдің ертеңіне салынатын ең үлкен инвестиция. Көп ата-ана ойыншықты баланы жұбатудың немесе уақытша алдарқатудың тәсілі деп қана қабылдайды. Алайда, мәселенің төркіні тереңде жатыр. Осы орайда педагог-психолог А. Ахметованың пікіре құлақ түрейік. Оның пайымдауынша, сәбидің дүниетанымының бай болуына дәл осы заттар тікелей ықпал етеді. Бала ойыншық арқылы қоршаған ортаны зерттейді, ішкі сезімін білдіреді. Тіпті, бүлдіршіннің қуыршақпен немесе көлікпен қарым-қатынасына қарап, оның ішкі жан дүниесін, не ойлап, не сезініп жүргенін дөп басып анықтауға мүмкіндік бар.
Психологтардың зерттеуінше, ойыншық – баланың алғашқы серігі, сырласы. Ата-анасы жұмысқа кеткенде немесе қараңғы бөлмеде жалғыз қалғанда, бала сүйікті қонжығын құшақтап, бойындағы үрейді сейілтеді. Демек, біз сатып алған зат балаға психологиялық қорған қызметін атқарады.
Әрбір сатып алынған зат баланың жасы мен қабілетіне сай қызмет етуі шарт. Мамандар бала өміріндегі ойыншықтардың рөлін нақты кезеңдерге бөліп қарастырады. Алдымен 1-2 жас аралығын алайық. Аталмыш кезеңде сәбидің ойлау қабілетін дамыту бірінші кезекке шығады. Мамандар түрлі-түсті пластмассалық пирамидаларды ұсынады. Осы қарапайым зат арқылы сәби пішін мен түсті ажыратуды, логикалық байланыстыруды үйренеді. Сондай-ақ, көзге түсетін, дыбыс шығаратын 3-4 ойыншықтың ілулі тұруы сәбидің көру және есту қабілетін шыңдайды. 3-4 жас аралығы. Нағыз әлеуметтік рөлдерді меңгеру кезеңі. Балалар конструктор жинауға қызығады және шынайы өмірден алынған сюжеттерді ойнай бастайды. Мысалы, «әке-шеше», «дәрігер-науқас», «дүкенші» ойындары арқылы олар қоғамдық қатынастардың алғашқы моделін жасайды. 5-6 жас. Мектеп алды даярлық кезеңі. Енді балалар дайын заттардан гөрі, өз қолдарымен ойыншық жасауға бейім келеді. Ойлау, қиялдау қабілетін дамытуға басымдық берген жөн. Бұл жаста бала өзін мектепке, яғни үлкен өмірге іштей дайындайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеудің айрықша маңызын атап өткен болатын. Ойыншық арқылы бала үлкен өмірге алғашқы қадамын басады. Мамандар ерте жастан кәсіптік бағдарлау баланың болашақ өмірлік жолын таңдаудағы іргетас саналатынын алға тартады. Мұндағы басты мақсат – баланы дереу белгілі бір мамандыққа үйрету емес, оның бойында еңбекке деген сүйіспеншілік пен түрлі кәсіп иелеріне құрмет сезімін ояту. Мәселен, «Дәрігер», «Өрт сөндіруші», «Аспаз» сияқты сюжеттік-рөлдік ойындар арқылы бала қоғамдағы түрлі қызметтердің маңызын түсінеді. Конструктормен ойнаған баланың кеңістік ойлау қабілеті дамып, болашақта инженер немесе сәулетші болуға икемі артуы ықтимал. Текшелерден бастап күрделі «легоға» дейінгі құрастыру түрлері баланың ұсақ моторикасы мен қиялын ғана емес, жалпы ой-өрісін кеңейтеді.
Ұл баланың тәрбиесінде әкенің рөлі мен оның таңдап әперген ойыншығы ерекше маңызға ие. Белгілі ғалым Зигмунд Фрейдтің тұжырымынша, үш жастан асқан ұл бала өзін әкесімен салыстырып, соған еліктеп өседі. Аналар көбіне қауіпсіздікті ойлап, тыныш ойындарды құптаса, әкелер баланың ішкі энергиясын сыртқа шығаратын белсенді, қимыл-қозғалысты ойындарға бейім келеді. Әке – бала үшін алғашқы дос әрі бапкер. Доппен ойнау, асық ату, күрес элементтері бар ойындар ұл баланың мінезін шыңдайды, оны кеңістікте өзін еркін ұстауға баулиды. Әке балаға тек ойыншық алып беруші емес, сол ойынның қатысушысы, үйретушісі болуы керек. Әкемен өткізген уақыт баланың болашақта өзіне сенімді, мақсатшыл тұлға болып қалыптасуының кепілі.
Бүгінгі заманды елестетіңізші. Айналамыз «миналанған алаң» іспетті. Сырт көзге әдемі көрінгенмен, ішкі мазмұны мен құрамы бала денсаулығына орасан зор зиян келтіруі мүмкін. Жеген тамағымыз бен киген киімнің өзін талғаммен алмасаңыз денсаулыққа өте зиян. Химиялық қауіп төніп тұр. Еліміздегі ойыншықтардың басым бөлігі, яғни 30-ға жуық елден тасымалданатын өнімдердің көш басында Қытай тұр. Зерттеулерге сүйенсек, сапасыз қытайлық ойыншықтардың құрамында фенол, мырыш, қорғасын сияқты ауыр металдар кездеседі. Мырыштың мөлшерден тыс болуы сәбидің миын зақымдап, мүгедектікке дейін әкелуі мүмкін болса, фенол бүйрек пен бауырды отырғызады. Ойыншықтардан шығатын жағымсыз иіс (біз «қытайский» дейтін) осы улы заттардың белгісі.
Одан кейін дыбысқа мән беру қажет. Көптеген музыкалық ойыншықтар мен тапаншалардың дыбыс деңгейі рұқсат етілген нормадан (балалар үшін 45-55 децибел) бірнеше есе асып түседі. Ғалымдар кейбір ойыншықтар 100 децибелге дейін шу шығаратынын айтып, дабыл қағуда. Ол баланың есту қабілетін төмендетіп қана қоймай, жүйке жүйесін жұқартады. Осы орайда психологиялық жай-күйге мән беруге тиіспіз. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Еуразиялық экономикалық комиссия отырысында «қорқынышты», гибридті (мысалы, адам басты, жануар денелі құбыжықтар) ойыншықтардың бала психикасына кері әсерін атап өтті. Агрессия мен зорлық-зомбылықты насихаттайтын мұндай заттар баланың бойында үрей туғызып, ұйқысын бұзады. Педагог-психолог Жания Бисенова:
- Ойыншықтың түсі де маңызды. Қызыл түс тым белсенді баланың қан қысымын көтеріп, агрессиясын оятса, жасыл түс тыныштандырады, – дейді.
Балаларымыз өзге елдің «Бэтмені» мен «Өрмекші адамын» пір тұтып өспес үшін, ұлттық нақыштағы ойыншықтарға сұраныс жоғары. Керісінше Алдар көсе, Тазша бала, батырлар бейнесіндегі қуыршақтар ұлттық тәрбиенің өзегіне айналатын күн туды. Қуантарлығы сол, елімізде бұл бағытта сең қозғалды. Өскемен қаласындағы «Bala-Boom» кәсіпорны соның жарқын дәлелі. Кәсіпкер Наталья Саратова Қытайдағы зауыттарды аралап, олардың еуропалық брендтерді қалай жасайтынын көрген соң, Қазақстанда экологиялық таза ағаш ойыншықтар шығаруды қолға алған. «Даму» қорының қолдауымен ашылған бұл өндіріс орны бүгінде мемлекеттік білім беру стандарттарына сай, «SANALY URPAG» қауымдастығымен бірлесе отырып, 250-ден астам өнім түрін шығарады. Ағаштан жасалған экологиялық таза, бояуы қауіпсіз отандық өнімдер – бала денсаулығының кепілі әрі патриоттық сезімді қалыптастырудың құралы.
Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, технологиясы дамыған Жапонияда бала тәрбиесінде мүлдем басқа қағидалар үстемдік құрады. Күншығыс елінде ата-аналар мен балабақшалар пластикалық, «бәрін өзі істейтін» автоматтандырылған қымбат роботтардан гөрі, табиғи материалдарға басымдық береді. Жапондықтардың түсінігінде ойыншық неғұрлым қарапайым болса (ағаш текшелер, мата қиындылары, қағаз), баланың қиялы соғұрлым қатты жұмыс істейді. Олар баланы жастайынан табиғат аясында балшықпен, құммен, сумен ойнауға ынталандырады. Бұл «лас» ойындар баланың иммунитетін көтеріп қана қоймай, сезім мүшелерін дамытады, табиғатпен етене жақын болуға үйретеді. Жапондық тәрбиедегі минимализм – баланың назарын шашыратпай, бір іске мұқият болуға баулитын әдіс.
Баланың болашағына бейжай қарамайтын әрбір ата-анаға осы ережелерді ұсынамыз. Ең алдымен санға емес, сапаға жүгініңіз. Психологтардың кеңесінше, ойыншықтың тым көп болуы баланы шаршатады, таңдау жасауын қиындатады және зейінін шашыратады. Үйдегі жиырма бес машинаның орнына сапалы бес машина жеткілікті. Артық ойыншықтарды жасырып қойып, бала жалыққанда алмастырып отыру – тиімді әдіс. «Ашық» ойыншықтарды таңдаңыз. Баланың қиялын шектемейтін заттарға басымдық беріңіз. Доп, мата қиындылары, құм, су, конструкторлар, ермексаз – мұның барлығы балаға шығармашылық еркіндік береді. Қарапайым матаның өзі қуыршаққа көрпе, не батырдың шапаны бола алады. Ал түймесін бассаң өзі жүріп, өзі сөйлейтін автоматты ойыншықтар баланың фантазиясын «өлтіреді».
Ең маңыздысы сол гаджетке шектеу қойыңыз. Телефон мен планшет баланы пассивті қабылдаушыға айналдырады. Шынайы ойын кезінде ғана мидың шығармашылық бөліктері іске қосылады. Гаджетті мүлдем тыйып тастау қиын шығар, бірақ оны қатаң мөлшерлеу – ата-ананың міндеті. Бірге ойнау мәдениеті. Ойнау – балаға туа сала бітетін қасиет емес, оны үйрету қажет. Балаңызға уақыт бөліңіз, еденге бірге отырып, конструктор құрастырыңыз, рөлдік ойындарға қатысыңыз. Бұл сіз бен баланың арасындағы эмоционалды байланысты нығайтады. Қауіпсіздік сертификаты. Базардан немесе дүкеннен ойыншық алғанда, міндетті түрде сәйкестік сертификатын сұраңыз. Ойыншықты иіскеп көріңіз, қолыңызға жұқпайтынына көз жеткізіңіз. Денсаулық – бәрінен қымбат. Мүмкіндігінше, «Bala-Boom» секілді отандық немесе сертификатталған табиғи өнімдерді қолдаңыз.
Агрессиядан аулақ болыңыз. Құбыжықтар, қан-жоса қарулар, табыттар сияқты «анти-ойыншықтардан» бас тартыңыз. Баланың психикасы – нәзік құрылым, оны қорқынышпен емес, мейіріммен сусындату керек. Түйіндей келе айтарымыз, балаға ойыншық әперу оның көңілін аулау емес. Ол ұлттық құндылықтарды сіңіру, қабілетті ашу, болашақ мамандығына бағыттау және денсаулығын қорғау процесі. Ұрпақ сабақтастығы үзілмесін, еліміздің іргесі берік болсын десек, баланың қолындағы ойыншыққа стратегиялық маңыз беріп, жауапкершілікпен қарайық.
Әңгіменің басын «біздің кезімізде» деп бастадық қой. Солай аяқтауды да жөн көрдік. Ұлыма ата-апасы планшет сыйлады. Небәрі төрт жастағы ол оны бірден меңгеріп, өз бетінше бағдарламалар жүктейтін шаққа келді. Бұрындары аңсары ауатын ютуб қызық болмай, бас алмай ойын ойнауды шығарды. Шектесең, мінез көрсетіп, аттандап жылайтын болды. Қашанғы қадағалап отырасың, ұйықтап қаласың. Түннің бір уағында тұрсақ, ұлымыз әлі ойын ойнап отыр. Мен планшетке ата-ана бақылауын қойғанда бәрі кеш еді. Шектеген сайын бұрынғыдан да бетер бетпақ бола бастады. Содан кейін мүлдем көрмейтіндей етіп, тығып тастадық. Қазір шаң басқан ойыншықтарын қайта шығарып, сурет салу, құрастыру, дәрігерге болу сынды әрекеттерге ойысты. Біздің кезімізде дәл бүгінгідей қызылды-жасылдының болмағанына шүкір.
Мәулен Әнербай





