Жастардың белсенділігін арттыру, олардың бойындағы көшбасшылық қабілеттер мен ұлттық рухын дамыту қашанда маңызды. Талдықорғандағы №28 IT лицейінде өткен жиын оқушыларды ерекше жігерлендіріп, қоғамдағы өз орындарын табуға бағыт-бағдар берді.
Жас ұрпақ еріктіліктің не екенін жете түсінгені абзал. Олар мәдениеттіліктің, азаматтық жауапкершілік пен әлеуметтік белсенділіктің мән-мазмұнына үңілгенде ғана озық ойлы азамат болып қалыптаспақ.
Алғашқы сөзді «Мейірімді Жетісу» фронт-офисінің жетекшісі Шырай Саматқызы алып, еріктілік ұғымының мәнін тереңнен қозғады. Оқушыларды өз армандарын қоғам игілігімен байланыстыра білуге шақырып, белсенділіктің қазіргі қоғамдағы маңызына тоқталды.
– Еріктілік деген бос уақытты пайдалы өткізу емес, бұл жүректен туатын ізгі іс. Біз әр ісіміз арқылы қоғамға мейірім сыйлай аламыз. Кішкентай жақсылықтың өзі үлкен өзгерістерге себеп болуы мүмкін. Ерікті болу рухтың биіктігі, елге қызмет етудің ең таза жолы, – деді ол.
Жастар арасында көшбасшылық қасиетті дамыту мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Өйткені, ертеңгі елдің тағдыры бүгінгі буынның қолында екені айқын. Білімге құштар, рухы биік, өз ісіне адал жас нағыз көшбасшының бейнесін қалыптастырары сөзсіз. Жиында жоғарыда айтылған ойды негізге алған Қазақстан Студенттерінің альянсы республикалық қозғалысы төрағасының орынбасары Сағындық Сейткәрім:
– Көшбасшы алдыңғы шепте жүретін адам ғана емес, өз айналасын шабыттандырып, өзгелерге дұрыс жол сілтей алатын тұлға. Шынайы көшбасшы өз пайдасынан бұрын қоғамның мүддесін бірінші орынға қояды. Ол шешім қабылдауда батыл, бірақ әрқашан әділдік пен адамгершілік қағидаларын басшылыққа алады. Мұндай адам айналасына сенім ұялатып, ұжымда ынтымақ пен серіктестікті қалыптастырады. Бүгінгі жастар жаңа идеяның, тың бастаманың иесі болуы керек. Әрқайсыңыз қоғамда із қалдыруға қабілеттісіздер, – деген пікір білдіріп, жастарды өз ортасында белсенді болуға, өз пікірін еркін жеткізе алуға және қоғамның дамуына серпін беретін істерге атсалысуға үндеді.
Ал SMM және медиа саласының маманы Асылмұрат Жанбайбек жастармен қазіргі заман медиасының ерекшелігі жайында пікір алмасты. Ол бүгінгі күні ақпарат ең құнды ресурс екеніне тоқталып, оны дұрыс пайдалану, шынайы мен жалғанды айыра білу әр адамның міндеті деп баса айтты. Әлеуметтік желіде әр жазған сөз бен бөліскен суреттің артында жауапкершілік тұратынын ұғындырды.
Асылмұраттың сөзі оқушыларды бейсаналы ақпарат тұтынудан сақтандырып, әлеуметтік желіні пайдалы мақсатта қолдануға итермелесе, Enactus Zhetisu командасының белсенділері Әйгерім Сапарбек пен Тимур Бүркітбайдың стартап жобалары, әлеуметтік кәсіпкерлік және жастардың бизнес бастамалары туралы өз тәжірибелерімен бөліскен ойлары жеткіншектерді ерекше жігерлендірді.
– Жастар тек тұтынушы емес, өнім мен идея тудырушы болуы керек. Біздің командамыз әлеуметтік жобалар арқылы қоғамның нақты мәселелерін шешуге тырысады. Стартап бұл арманды іске айналдыратын мүмкіндік, – дейді Тимур Бүркітбай.
Шара аясында Әйгерім Миронқызы білімгерлерді шығармашылық ойлауға, командамен жұмыс істеуге және бизнестегі әлеуметтік жауапкершілікті ұмытпауға шақырды.
Кездесу соңында лицей оқушылары өз ойларымен бөлісіп, спикерлерге сұрақтар қойды. Көпшілігі еріктілікке қосылуға, жаңа жобаларды бастауға ниет білдірді.
Айта кетейік, игі бастама «Мейірімді Жетісу» фронт- офисінің жобасы аясында өңір менторларымен, Қазақстан Студенттерінің альянсы РСҚ және «Жетісу жастары» ұйымдарының бірлесіп ұйымдастыруымен жүзеге асты. Еріктілік пен көшбасшылық тақырыптарында өткізілген кездесулер облыс көлемінде 1000-нан астам жасөспірім мен студентті қамтыды.
Медет ЖҰМАБАЙ





