Елімізде мал шаруашылығы – тек дәстүрлі кәсіп қана емес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық сала. Әсіресе, ет бағытындағы өндірісті дамыту ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашуға, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға және өңірлік экономиканы нығайтуға тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, аймақта жүзеге асып жатқан ірі жобалардың маңызы айрықша.
Соңғы жылдары облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған бастамалар көбейіп келеді. Солардың бірі – Алакөл ауданы, Көлбай ауылдық округінің Бұдар ауылында орналасқан, көп жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан «Қайыңды» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа өндірістік жобасы.
2001 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан, Алакөл өңіріндегі ірі шаруашылықтардың бірі саналатын. «Қайыңды» ЖШС иелігінде мыңдаған гектар жайылым мен егістік жер, ірі қара өсіруге арналған өндірістік база бар. Кәсіпорын жылдар бойы тек шикізат өндірумен шектелмей, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді.
Серіктестік директоры Жазира Маукебаева:
– Біздің басты мақсатымыз – халыққа сапалы әрі қолжетімді ет өнімдерін ұсыну. Бұл – ауылдағы адамдар үшін жұмыс, ал өңір үшін тұрақты табыс көзі, – дейді.
Бүгінде серіктестіктің балансында жүздеген бас ірі қара, өндірістік ғимараттар мен заманауи инфрақұрылым бар. Сапар барысында серіктестіктің технологы Нұржан Шиырбаевпен бірге мал бордақылап жатқан шаруашылықтың күнделікті тіршілігімен таныстық. Малдың күтімі, азықтандыруы мен санитариялық талаптардың сақталуы жүйелі түрде жолға қойылғаны байқалады. Әрбір үдеріс сапаға бағытталған.
Одан кейін шұжық өндіретін цехты араладық. Мұнда өндіріс толық технологиялық талаптарға сай ұйымдастырылған. Құрал-жабдықтардың тазалығы, жұмыс тәртібінің нақтылығы мен мамандардың жауапкершілігі көзге түседі. Бұл – кәсіпорында өнім сапасына ерекше мән берілетінінің айқын көрінісі.
Технолог Нұржан Шиырбаевтың айтуынша, шаруашылықта малға күтім жасау, азықтандыру және санитариялық талаптарды сақтау тұрақты бақылауда. Ал шұжық өңдейтін цехта технологиялық тәртіп қатаң сақталып, заманауи жабдықтардың мүмкіндігі толық пайдаланылады.
– Біз үшін ең маңыздысы – өнімнің әр кезеңін бақылауда ұстау. Малдың бағып-қағылуынан бастап, дайын өнімге дейінгі барлық үдеріс қатаң талаптарға сай жүргізіледі. Әр қызметкер өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Себебі, бұл – халықтың дастарқанына баратын тағам. Осындай жағдай жасалған жерде сапалы өнім шығатынына сенімдіміз. Біз тек өндіруді емес, тұтынушының сенімін ақтауды мақсат етеміз, – деп түйіндеді технолог.
Кәсіпорын алдағы уақытта шұжық, бұқтырылған ет және тұшпара өндіретін заманауи ет өңдеу кәсіпорнын іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды несиелеу қағидалары аясында қарастырылған. Қазіргі таңда серіктестіктің балансында 649 бас ірі қара мал, сондай-ақ 4548 гектар ауыл шаруашылығы жері бар. Бұл жобаға қажетті шикізат базасының жеткілікті екенін көрсетеді.
Бизнес-жоспарға сәйкес кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты шұжық бойынша 907 мың тоннаға жуық, 8,5 миллионнан астам бұқтырылған ет банкасы, тұшпара 204 мың келіден асады. Өндіріс толық технологиялық цикл бойынша жүзеге асырылып, заманауи жабдықтар қолданылмақ.
Жобаның жалпы құны 722,2 млн. теңгені құрайды. Оның 650 млн. теңгесі – қарыз қаражаты, ал 72,2. млн. теңге серіктестіктің өз қаражаты. Қаржы бұқтырылған ет, шұжық және тұшпара өндіруге арналған өндірістік желілерді сатып алуға, сондай-ақ, инженерлік және электр желілерін күшейтуге бағытталады.
– Жобаны іске асыру нәтижесінде өңірде 70 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және әлеуметтік ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоба импортты алмастыруға, отандық ет өнімдерінің үлесін арттыруға бағытталған, – дейді кәсіпорын директоры.
Оның айтуынша, өндірістік процесс кезең-кезеңімен ұйымдастырылады. Ай сайын орта есеппен 1001 бас ірі қара мал сою жоспарланған, бұл қолданыстағы сою цехының қуаттылығына толық сәйкес келеді. Шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету үшін басқа да ірі шаруашылықтармен алдын ала келісімдер жасалған.
Өндірілген өнімдер арнайы мұздатқыш және салқындатқыш камераларда сақталады. Температуралық режимдер санитариялық талаптарға сай. Биологиялық қалдықтарды залалсыздандыру үшін крематор қолданылады, бұл экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Дайын өнімдер бөлшек сауда желілері, супермаркеттер, базарлар, онлайн-сатылым платформалары және қоғамдық тамақтану орындары арқылы нарыққа шығарылады.
Жобаны іске асыру үшін электр қуатын арттыру қажет. Жалпы қажеттілік 470 кВт-тан асады. Осы мақсатта қосымша трансформаторлық қосалқы стансы салу және электр желілерін жаңғырту көзделген. Барлық жұмыс қолданыстағы техникалық және санитариялық нормаларға сәйкес жүргізіледі.
Жалпы алғанда, «Қайыңды» ЖШС ұсынған жоба өндірістік, қаржылық және әлеуметтік тұрғыдан негізделген. Ол өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықты сапалы отандық ет өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған.
Ауыл тұрғыны, серіктестікте еңбек етіп жүрген жұмысшылардың бірі – Құмар Ақылбек:
– Мұндай жобалар біз үшін өте маңызды. Жұмыс бар, тұрақтылық бар. Ең бастысы – ауылдан қалаға көшпей-ақ, елді мекенде еңбек етуге мүмкіндік туады, – дейді ағынан жарылып.
Мамандардың айтуынша, осындай өндірістік жобалар ауыл шаруашылығының жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады. Шикізатты сыртқа тасымай, жергілікті жерде өңдеу – өңір экономикасын нығайтудың тиімді жолы.
Осы орайда «Қайыңды» ЖШС-нің бастамасы облыстағы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың нақты үлгісі. Жоба толық іске асқан жағдайда, бұл тек бір кәсіпорынның емес, тұтас бір өңірдің экономикалық серпініне айналмақ.
Қажет АНДАС




