Қазақстанда электронды төлемдер мен ақша аударымдарының тәртібіне елеулі өзгерістер енгізілуі мүмкін, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ұлттық банк төлем қызметтері нарығын реттейтін нормативтік құқықтық актілерге түзетулер дайындады. Қазіргі уақытта тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, көпшіліктің талқылауына ұсынылды. Бұл бастама цифрлық қаржылық операциялардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Жаңа ережелердің ішіндегі ең маңыздысы – электрондық ақша иелеріне қатысты талап. Осы уақытқа дейін қолданылып келген «оңайлатылған сәйкестендіру» тәртібі күшін жоюы мүмкін. Бұл дегеніміз – электронды әмияндар мен төлем жүйелерін пайдаланушылар енді міндетті түрде толық сәйкестендіруден өтуі тиіс.
Бұрын кейбір қызметтерді пайдалану үшін жеке деректердің бір бөлігін ғана көрсету жеткілікті болса, енді банктер мен төлем ұйымдары клиенттің тұлғасын толық растауды талап етеді. Құжатта бұл процестің техникалық жағы қалай жүзеге асатыны әзірге егжей-тегжейлі жазылмаған, алайда бұл заңсыз қаржы айналымына тосқауыл қою үшін жасалып жатқан қадам.
Жаңа жобада тек шектеулер ғана емес, жағымды жаңалықтар да бар. Мүгедектігі бар жандар үшін электрондық банкинг қызметтері бұрынғыдан да қолжетімді әрі ыңғайлы болмақ.
Ұлттық банк ұсынған нормаға сәйкес:
-
Банктер электрондық қызмет көрсету кезінде биометриялық аутентификацияны (бет-әлпетті тану немесе саусақ ізі) кеңінен қолданады.
-
Бұл мүмкіндік мүмкіндігі шектеулі азаматтарға құжаттарға қол қою немесе қызмет алу кезінде физикалық кедергілерді айналып өтіп, транзакцияларды оңай орындауға жағдай жасайды.
Ұлттық банктің бұл ұсынысы әлі түпкілікті шешім емес. Құжат ақпанның 20-на дейін қоғамдық талқылауда болады. Осы уақыт аралығында кез келген Қазақстан азаматы «Ашық НҚА» порталына кіріп, өз пікірін қалдыра алады немесе ұсыныс білдіре алады.





