Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні кеңінен енгізу барысында оның қауіп-қатерлерін назардан тыс қалдырмау керектігін айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президенттің айтуынша, ең алдымен жасанды интеллектіні теріс мақсатта пайдалану секілді этикалық мәселелер бар. Сонымен қатар, нейрожелі берген жауапқа толық сеніп, оқушылардың сыни ойлау, іздену және сараптау қабілеттерінен айырылып қалу қаупі туындайды.
– Жасанды интеллект білім беру үдерісін жетілдіруге тиіс, бірақ оның іргелі негізін алмастырмауы керек. Сондықтан Үкімет академиялық адалдықты қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қабылдауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сөзін түйіндей келе, еліміздің цифрлық стратегиясында ұлт мүддесі әрқашан бірінші орында тұратынын атап өтті.
– Шын мәнінде, негізгі мәселе жасанды интеллект қана емес. Ең бастысы – елдің егемендігі, ұрпақтың болашағы. Үкімет бүгін айтылған ұсыныстардың бәрін мұқият қарайды. Жасанды интеллект – цифрлық экономиканың негізгі қозғаушы күші. Сондықтан кеңестің келесі отырысын осы тақырыпқа арнауды ұсынамын, – деді Президент.





