Өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту жолында тағы бір маңызды қадам жасалды. NAT AGRO компаниясы І. Жансүгіров ауылында 2500 басқа арналған заманауи мал бордақылау алаңын пайдалануға берді. Аталған жобаға 1,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, кәсіпорын толық қуатымен іске қосылғанда жылына 1 500 тоннаға дейін жоғары сапалы сиыр етін өндіру жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда кешен аумағында ангус, қазақтың ақбас, симменталь және әулиекөл тұқымдарына жататын 700 бас ірі қара төрт ай мерзімге бордақыға қойылды. Мал басын асылдандыру мен өнім сапасын арттыру үшін заманауи азықтандыру және күтіп-бағу технологиялары қолданылуда. Соның нәтижесінде еттің шығымы мен сапасы халықаралық стандарттарға сай болмақшы.
Жобаның әлеуметтік маңызы да жоғары. Бордақылау алаңында 10 тұрақты жұмыс орны ашылып, ауыл тұрғындары еңбекпен қамтылды. Алдағы уақытта өндіріс көлемі ұлғайған сайын қосымша жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр.
Сонымен қатар, сәуір айынан бастап тәулігіне 64 бас мал союға арналған алаңның құрылысы басталмақшы. Бұл нысан іске қосылғаннан кейін өнімді өңдеу, сақтау және өткізу үдерістері бір жүйеге келтіріліп, дайын етті тікелей тұтынушыға жеткізуге мүмкіндік туады. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Жобаның өңір үшін маңызын атап өткен кәсіпорын басшысы Азат Көпжасаров:
– Бұл жоба өңірде ет өндірісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Заманауи технологияларды енгізу арқылы сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаруды мақсат етіп отырмыз. Ең бастысы – ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканың дамуына үлес қосу, – дейді.
Сарапшылардың пікірінше, NAT AGRO компаниясының бұл бастамасы өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге де жол ашады.
Гүлжан ТҰРСЫН





